Тылда еңбек еткен Орын әжені мерекемен арнайы құттықтай барды
Жақында Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жебелі Достановпен бірге бірқатар тыл ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, оларды қарттар күні мерекесімен құттықтады. Бар ғұмырын қажырлы еңбек пен елінің өсіп-өркендеуіне арнаған қарттарға құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар тарту етілді.
Қала басшысы құттықтауын Байырқұм ауылында тұратын тыл ардагері Жақсыбай Бинашев ақсақалдың шаңырағынан бастады. Саналы ғұмырын ел дамуына жұмсаған қария бүгінде 5 ұл, 3 қыз өсіріп, олардан 34 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Қариямен әңгімелескен қала басшысы ақсақалға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі.
Мұнан кейін Қожатоғай ауылында тұратын Мәді Полат қарияның отбасына барды. Одан соң қала басшысы Гүлжан Құрманбекова Арыс қаласында тұратын батыр ана Орын Нарбекованың шаңырағында болды. Орын әже 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана. Кездесу барысында қала басшысы ардагерлеріміздің жүріп өткен жолы – елдік пен ерлік жолы екенін айтты. Қарияларға ұзақ ғұмыр тіледі. Өз кезегінде қазыналы қарттар да ризашылықтарын жеткізіп, баршаға бейбіт те берекелі өмір тіледі.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталықтарда күнделікті 60-70 зейнеткер, ал айына 120-150 адам тиісті қызметтерді пайдаланады. Жыл басында 3480 адамға қызмет көрсету жоспарланса, қазіргі таңда оған 2240 зейнеткер қамтылған. Орталықта қарияларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де көмектер көрсетіледі. Қарттардың алаңсыз тынығып, салауатты өмір салтымен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.