АЭС шектеулі және мұқият күзетілетін нысан болады
Сала мамандарының мәлімдеуінше, атом энергетикасы Қазақстан үшін негізгі энергия көзіне айналып, энергетикалық жүйенің тұрақты дамуына ықпал ете алады. Өйткені, ол тұрақты және болжамды энергиямен қамтамасыз ететін негізгі көз болып табылады. Қазіргі уақытта елімізде электр энергиясын көмірмен жұмыс істейтін зауыттар өндіріп жатыр. Олардың үлесіне елдегі өндірілетін электр энергиясының шамамен 70 пайызы келеді. Электр энергиясын тұтынудың жылдық өсімі 3 пайызды құрауда. Ал, біздегі станциялардың 70 пайыздан астамының тозығы жетіп тұр.
ҚР Энергетика министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр қуатын тұтыну 152,4 миллиард киловатт-сағатқа жетпек. Қазір елде жұмыс істеп тұрған станциялар бар болғаны 135 миллиард киловатт-сағат өндіруде. Бүгінде электр қуатының тапшылығы Ресейден келетін 1 миллиард киловатт-сағат көлеміндегі ағынмен жабылып жатыр. Бұл үшін Қазақстан 20 млрд теңге артық шығын төлеп отыр. Елімізде, әсіресе еліміздің оңтүстігінде энергия тапшылығы сезілуде.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі таңда елімізде электр энергиясын көмірмен жұмыс істейтін зауыттар өндіріп жатқанын айтып өттік. Осының салдарынан көміртегі шығарындыларына жоғары айыппұлдар және салықтар салынуда. Сондықтан, бізге шексіз электр энергиясын беретін әрі ол қоршаған ортаны, ауаны ластамайтын атом электр станциясын салу қажет. «Жалпы атом электр станциясының құрылысы бізге не береді?» деген сұраққа келер болсақ, біріншіден ол нарықтағы электр энергиясының тапшылығын өсіп келе жатқан қажеттіліктермен және тозуға байланысты азайып бара жатқан генерацияланған жабдықпен толтыруды қамтамасыз етеді. Екіншіден, электр энергиясының қалыптасқан тапшылығына байланысты тарифтердің сөзсіз өсуіне қарсы әрекет етеді. Үшіншіден, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларының жоғары уыттылығына байланысты экологиялық жағдайды жақсартады. Төртіншіден, көршілес электр энергиясын жеткізушілерден еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
Әрине, ел ішінде атом электр станциясының құрылысына қатысты алаңдаушылық білдіріп жатқандар баршылық. Сондықтан, Қазақстанда апат қаупін барынша азайтатын, қауіпсіздіктің барлық талаптарына сәйкес келетін, соңғы жетістіктер мен әзірлемелерді пайдалана отырып, жаңа буын III немесе III+ атом электр станциясын салу қарастырылып жатқанын айта кеткен жөн. Жаңа буын реакторларының басты ерекшелігі – белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі станцияны сыртқы және ішкі әсерлерге барынша төзімді етеді. Қазіргі заманғы үшінші буын зауыттары үшін ауыр апаттың ықтималдығы — 10 миллион жылда бір ғана апатқа тең деседі. Станциялар құнының 40 пайызы қауіпсіздік жүйелеріне бағытталады.
Алаңдаушылық білдіріп жатқандар алға тартып отырған Чернобыль атом электр станциясы 1977 жылы, Фукусима атом электр станциясы 1971 жылы салынған болатын. Яғни, қазіргі атом электр станцияларымен салыстырғанда қауіпсіздігі әлдеқайда төмен болған. Олардың апат қаупі жоғары болуы содан деуге болады. Айта кетейік, «Күзет қызметі туралы» 2000 жылғы 19 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік қорғауға жататын объектілерді айқындау ережелері және мемлекеттік күзетуге жататын объектілерді инженерлік-техникалық нығайтуға қойылатын талаптар бекітілді. Ережеге сәйкес атом энергетикасы объектілері, оның ішінде радиоактивті қалдықтары бар аумақтар стратегиялық объектілер қатарына жатқызылады және қорғауға жатады. Яғни, АЭС аумағы шектеулі және мұқият күзетілетін нысан болады.
Есалиев Мұрат Мырзатайұлы — Сайрам аудандық қоғамдық Кеңес төрағасы