Қазақстан әлемде уран өндіруден алда келеді

Атом электр станциясында өндірілетін электр энергиясының құны басқа энергия көздерімен салыстырғанда жоғары болмайды. Себебі, ондағы отынның бағасы тұрақты. Аталмыш станцияның қызмет ету мерзімі 60 жыл делінгенмен, оны 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Зерттеушілердің айтуынша, 2035 жылға қарай елімізде қосымша электр энергиясына деген қажеттілік 33,2 млрд кВт/сағатқа артуы мүмкін. Сондықтан, бізге әлем елдері тұтынып жатқан шексіз энергия беретін атом элек станциясын салу қажеттігі туып тұр. Ол үшін қажет болатын уран да өзімізде өндіріледі.

Статистикалық деректерге жүгінсек, Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде екінші орында. Барлық барланған әлемдік қорлардың 14 пайызға жуығы Қазақстанның тереңдігінде шоғырланған, оның 70 пайызы экологиялық таза әдіс жерасты сілтілеумен өндіруге жарамды екен. Қазіргі таңда еліміз әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығын өндіріп, уран өндіруден әлемде алдыңғы орындарда келеді.

Одан бөлек, елімізде «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ базасында дайын ядролық отын шығаратын зауыт жұмыс істейді. Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың ғылыми-зерттеу базасы да бар. Осы жағынан алғанда да бізде атом электр станциясын салу үшін барлық қажеттіліктер табылады. Яғни, уранның бай қоры, оны өңдеу мен өндіру үшін дамыған инфрақұрылым, сондай-ақ қуатты ғылыми база бар.

Байқауымызша, қазіргі таңда әсіресе еліміздің оңтүстік аумағында электр қуатына деген тапшылық байқалуда. Бүгінде бұл өңірлердегі электр қуатының тапшылығы солтүстіктен келетін ағынмен жабылуда. Еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының жаңа көздерін енгізбесе, тапшылық жыл сайын орта есеппен жылына 3 пайызға өсетін болады. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін бізге атом электр станциясын салу қажет. Әрі жобаны іске асыру кезеңінде 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылса, стансаның жұмысы кезінде 2 мың адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, АЭС-тегі әрбір жұмыс ілеспе салаларда 10-ға дейін жұмыс орнын ашады. Ал, бұл өз кезегінде еңбек нарығына айтарлықтай оң әсер етеді.

Бүгінде әлемнің 31 елінде жалпы қуаттылығы 373,7 млрд кВт/сағ құрайтын 415 атом электр блогы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 15 елде 62 реактор салынып жатыр. Атом энергиясының маңызды қуаттары бар елдер қатарында: АҚШ (94 реактор), Франция (56 реактор), Қытай (56 реактор), Ресей (36 реактор), Оңтүстік Корея (26 реактор), Жапония (12 реактор) мемлекеттері бар. Реті келгенде айта кетейік, 2023 жылы ядролық электр қуатын өндіретін ең ірі үш елдің қатарына АҚШ (ядролық электр энергиясының жалпы өндірісінің 31%-ы), Қытай (жалпы көлемінің 16%-ы) және Франция (жалпы көлемі 13%) кірді. Қазір Қытайда – 28 энергоблок, Үндістанда – 7, Ресейде – 4, Түркияда – 4, Оңтүстік Кореяда – 2, Ұлыбританияда – 2 атом электр станциялары салынуда.

Қазір дүние жүзіндегі жұмыс істеп тұрған реактор қуатының шамамен 67 пайызы (295 реактор) 30 жылдан астам, ал 29 пайыздан астамы (142 реактор) 40 жылдан астам және 4 пайызы (28 реактор) 50 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұр. Станциялардың ескіруіне қарамастан, жұмыс істеп тұрған ядролық реакторлар жалпы сенімділік пен өнімділіктің жоғары деңгейін көрсетуді жалғастыруда.

Көріп отырғанымыздай, ядролық энергетикалық технологиялар дамып келеді. Сондықтан, атом энергиясын пайдаланудан қорқудың еш қажет жоқ деп ойлаймын. Бұл ең алдымен біздің болашақ ұрпағымыз үшін және еліміздің өзгелермен терезесі тең болуы үшін аса қажет дүние.

Раимкулов Ганишер Кайнарович — Сайрам ауданы мәслихатының депутаты, «Өзбек» этномәдени бірлестігінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *