Шаңырағынан Димаш ата дәм татқан

Сарыағаштық Клара Төленбайқызының «біздің шаңыраққа Димаш атамыз келіп дәм татқан» деген сөзіне елең ете қалдық. Мұндай айтулы оқиғаның қалай болғанын сұрағанымызда бүй деп жауап берді.

–Менің әкем Төленбай ауылшаруашылығы саласында тер төгіп, озаттардың қатарынан түспейтін еңбекқор адам болды. Өзі Тәшкенде оқып механик мамандығын, кейіннен Сарыағаштағы Қапланбек техникумында оқып, агроном мамандығын иеленген еді. Анам Қалиманың да шаруадан қолы босағанын көрген емеспін. Әкем түзде мақталықта жұмыс істесе, анам үйде жібек құртын өсірумен айналысты. Жібек құртын піллә деп атайды. Соны личинка кезден өсіріп, кейіннен өкіметке өткізеді. Талапқа сай күтіліп, дұрыс жетілген пілләдан жоғары сортты, бағасы қымбат жібек жіп өндіріледі.  Әкем мақта өндіруден озат болса, анамыз жібек құртын өсіруден алдыңғы орында жүретін.  Есімдері аудан асып, облыстың құрмет тақталарында тұратын. Облысқа келген іссапарында республикамыздың басшысы Дінмұхаммед Қонаевты облыс, аудан басшылары біздің үйге алып келеді. Қазақтың бағына туған осы бір нар тұлғалы, дархан пейілді үлкен азамат біздің үйде болып, дастарханымыздан дәм татты. Ата-анаммен сұхбат құрды. Ұлы кісінің әзіз бейнесі бала жүрегімде мәңгі жатталып қалыпты, – дейді Клара Төленбайқызы.

Иә, «би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» дегендей, Сарыағаш ауданының Құркелес ауылында ғұмыр кешетін Төленбай ағамыздың шаңырағынан небір жақсылар мен жайсаңдар тәм татып, қонақ болған. Техникумда өзімен бірге оқыған Шәмші Қалдаяқов осы досының үйіне жата жастана кететін. Әрине, бұл үйдің берекесін ата-анасының еңбекқорлығы арттырып отырса, екінші жағынан Төленбай ағамыздың қонақжай пейілі, адами қасиеттерінің арқасында қонақтар жиі келетін.

Клара әпкеміз әулеттің ең кенже перзенті болды. Тағдардың жазуы солай екен, екі ағасының ғұмыры жастай үзіліп кетті. Өзінен үлкен әпкелерімен әке-шешелеріне қолғабыс жасап, қара жұмыстың бәріне де ысылып өсті. Таң сыз берген сәттен бастап, көздерін тырмалап ашып, егіс басында кетпен шапты. Анасының қасында отырып, тұт ағаштарының жапырақтарын қырқып, піллә кұртын бағысты. Мал қарау, сиыр сауып, ошаққа от жағу, үйіргелік жерді күрекпен аударып, көкөніс егу сияқты шаруалар ойнап жүріп істейтін тірліктеріне айналды. Ағалары ерте бақилық болғаннан кейін бе, Клара әпке ұл балаларша өжет болды. Әділетсіздік көрсе шыдамай кетіп, төбелестің ортасына да қойып кететін. Әлімжеттік жасап жатқан бұзықтарды орнына қойып қоятын кездері көп еді. Өзі туып-өскен Сарыағаш ауданындағы «Қызыл Қазақстан» ауылында бастауыш сыныпты, кейіннен Алма Оразбаева атындағы негізгі мектепті, одан М.Әуезов атындағы орта мектепті бітіріп шықты. Алматыға жол тартып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырғанымен, емтиханнан өте алмай қалды. Қайтсем де оқуға түсуім керек деп алдына мақсат қойғандықтан,  Алматы құрылыс техникумының газ шаруашылығы факультетіне оқуға түсті. Техникумның соңғы курсында оқып жүрген кезінде жерлес азаматқа тұрмысқа шықты. Ауылға келіп, 13 желтоқсанда шаңырақ көтерген тойларын өткізгесін, қайта Алматыға аттанып кеткен. Екі-үш күннен кейін желтоқсан оқиғасы да бұрқ ете қалды.

16 желтоқсан еді. Клара Қожамұратова группаластарымен сабақта отырған. Кенет көше жақтан дабырлаған дауыстар естіліп, бәрі де терезеге қараған. Абай көшесінің бойында жастардан құралған топ лек-легімен келе жатыр екен. Қолдарында жазулар жазылған лозунгілер ұстап алған. Бұлардың тұсына келгенде бір жігіт «қазақ болсаңдар шығыңдар, сыртқа!» деп терезеден айқайлап шақырды. Сабақта отырған бұлар үдере түрегелді.

– Онсыз да Қонаев атамыздың орнынан алынғанын естіп, көңілсіз  отырғанбыз. Сырттағы жастарға қосылмақшы болып сабақты тастай шығып едік, есіктің аузынан техникумның диреткоры Болат Мусин ағайымыз тоқтатып, рұқсат бермей қойды. Іште бөгеліп, шыға алмай тұрған біздерді көрген даладағы студенттер корпустың астыңғы қабатындағы терезелерді сындырып тастап, сыртқа шақырып жатыр. Ілезде техникумның мұғалімдері мен милиция қызметкерлері жиналып, бәрімізді ғимараттың астындағы подвалға жауып тастады. Сол заматта-ақ Алматыдағы барлық оқу орындарының студенттері орталық алаңға жиналып, биліктің шешіміне қарсылық көрсетуге ұйымдасып жатқанын білдік. Шынында да ұзақ жылдан бері елімізді басқарып отырған Димаш атамыздың себепсізден-себепсіз орнынан алынуы әділетсіздік емес пе. Мұндайға шыдай алмайтын әу бастағы мінезім бар, қалайда әлгі жастарға қосылуым керек деп шештім. Ақыры ебін тауып, қасымдағы жолдас қызым екеуміз қашып шығып  кеттік.  Алаңға барсақ қыз-жігіттер толып қалған. Трибунаға Қонаевтың өзі келіп түсіндіріп берсін деп талап қойып жатыр. Бірақ ол кісіні келтірмеді. Студенттердің ашу-ызасы одан сайын үдей үсті. Жердің бәрі көк-ала мұз, оған қоса шетелдіктер бізді шыртылдатып суретке түсіріп жүрген. Балалығымыз болар, оны дұрыс түсінбей «суретке түсіп алайық» деп жарқырап түскендер де болды. Кейіннен сол фотолар арқылы алаңға шыққан студенттерді іздеп тауып, жазалап жатты ғой. Жолдас қызым екеуміз жолда кетіп бара жатқанымызда арқамыздан төрт адам мінген көлік қағып соғып кетпекші болды. Рульде орыс азаматы екенін анық байқадық. Біз танымайтын біреудің қорасында жасырындық. Ол жақтың барлығы жер үй болатын. Екінші күні жалғыз өзім Пушкин кітапханасының алдымен кетіп бара жатканымда сол жерде басымды бұрғаным үшін жолдың жағасында тұрған солдат дубинкамен оң жағымнан ұрып, иығымнан жарақат алдым. Соққы алсам да сол жердегі жастардың жағдайын білу мақсатында алаңға бардым. Сол кездегі көргенім құдайға басқа салмасын енді, айуандықтың бәрін жасап бақты ғой. Россиядан алдырылған солдаттар ешкімді аямай соққыға жығып жатты. Аязды күні үстімізге су шашып, ол мұзға айналып қатып қалды. Көтеріліске шыққан студенттің бірі басынан қатты жарақат алып, жердің бәрі қан болып жатқанын көріп көмектесіп жатқан едім. Бір кезде сыртымнан оңдырмай ұрды. Құлап бара жатып әскер жасақшысының темір күрекпен ұрғанын көзім шалып үлгерді. Мұзға құлап, бел омыртқадан ауыр жарақат алдым. 1986 жылдан бері осы жарақаттың әсерінен дәрігерден ем қабылдап келе жатырмын. Осыдан жиырма жылдай бұрын теледидардан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы бойынша  деректі фильм көріп отырып, бір кадрдан өзімнің алаңның шетінде кетіп бара жатқанымды көрдім.Осы көкейден кетпейтін желтоқсан айы келгенде жастардың шыңғырған дауыстары құлағыма жаңғырып келіп тұрады, – дейді Клара Төленбайқызы.

Қазақ жастарын қанша қаралап, түрлі бәле-жаланы жапқанымен де оған ешкім сенген жоқ. Арада бес жыл өткенде іріп-шіріген жүйе ақыры күйреп тынған жоқ па. Әпербақан әміршіл жүйеге қасқайып қарсы шығып, бастарын бәйгеге тіккен жастардың ерлік істері жыл өткен сайын асқақтай түспесе, бір мысқал да кеміген жоқ.  Сол дүрбелеңде денсаулығына зақым келсе де Клара әпкеміз бүгінгі егемендіктің арайлап атқан әр таңына шүкірлік айтып, желтоқсандықтармене тізе қосып бірге болғанына қуанады. Ал, осы күнге жете алмай қыршындарынан қиылған замандастарын ойлағанда көзге жас келеді. Олардың рухына тағзым етіп отыруды ұмытқан емес.

Клара Қожамұратова өмірге үш ұл перзент әкелді. Отағасы қырық жылға жуық клуб меңгерушісі болып қызмет атқарып, жуырда «Мәдениет саласының майталманы» деген белгімен мараптталды.  Темір жолдың оқуын бітірген тұңғыштары Алматыда өз саласы бойынша қызмет атқарады. Екінші ұлы кәсіпкерлікпен шұғылданса, кенже ұлдары белгілі спортшы. Ережесіз жекпе-жектен ел чемпионы атанып, әулеттің атын спортпен шығарып жүр. Тұңғыш ұлынан үш немере сүйіп, бақытты ата-әже атанып отырған жайлары бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *