Аягөздің тәттілері бал татиды

Түлкібас ауданының тұрғыны Мұханбетова Аягөз былтырғы жылдың қазан айында «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында “Мемлекеттік қайтарымсыз грант” алған болатын. Қазіргі таңда бизнес жобасына сәйкес өз қолымен кондитерлік өнімдер дайындап, кәсібін өрбітіп отыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырды. Елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде кәсіпкер әйелдер саны артып келеді.

Айта кетейік, Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты. Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар.  2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде.

Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар.  Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.

Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын  нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда. Сонымен бірге қазақтың қайсар қыздары мен ардақты аналары білім беру, медицина және өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп жүр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *