Шығыс моншасы
Түркістандағы шығыс моншасы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік шығысында 80 м қашықтықта орналасқан. Зерттеушілердің пікірінше, монша 1580-1590 жж. кесенеге келетін зияратшылардың арнайы дәрет, ғұсыл алып кіруі үшін салынған.
Архитектуралық құрылыс ерекшелігі, ортағасырлық сәулет өнері шеберлерінің озық тәжірибесін көрсететін бұл монша жартылай жер астында орналасқан көп күмбезді құрылыс. Негізі өлшемдері 15×17 м, биіктігі 4,8 м, қабырғаларының қалыңдығы 1 м. Монша бөлмелері — дәліз, орталық жуыну, ыстық және салқын су, массаж бөлмелері, тазалық бұрыштары болып бөлінеді. Осындай моншалардың бір ерекшелігі, ыстықты ұзақ сақтау және түтіннің тартылуын күшейту мақсатында жартылай жерге көміліп, тек күмбездері ғана көрініп тұратындай етіп салынған. Шығыс моншасы XVI ғасырдан бастап 1975 жылға дейін халыққа қызмет жасап тұрды.
Айван. Шығыс моншасының кіреберісі айванмен жабылған. Моншадан шыққан адамдардың шайін ішіп, тер басып демалатын орны ретінде пайдаланған. Айванның астында арнайы тапшан қойылған.
Кіреберіс бөлмесі. Бұл бөлме монша қызметкерлеріне арнап кейін салынған бөлме. Бөлме ішінде шығыс моншаларының денсаулыққа пайдасымен моншаның сызбасы, түтін жолдары, моншаға түсу этикетін көрсететін сүреттер сериясы және XII ғ. дидактикалық сарындағы шығарма «Қабуснамадан» алынған моншаға түсу ережесі ілінген.
Дәліз – киініп-шешінетін кіреберіс бөлме. Бөлме құрылысының ерекшелігі — Орта Азиялық кірпіш қалау әдісі «балхымен» кірпіштерді тік қалау арқылы, төрт «желкеннен» тұратын күмбезді барабан немесе арка қолданбастан төрт бұрышты қабырғаның үстіне орнатқан. Басқа бөлмелермен салыстырғанда, жоғарыдағы жарық түндігі үлкенірек, тыныс алуға ауаның еркін алмасуы үшін қолайлы етіп салынған. Дәліз және моншаның қалған бөлмелерінің едендері мен отыруға арналған софаларына тұтас мармар плиталар төселген. Сырттан жағылған оттың түтіні осы тастардың астындағы жолдармен жүріп барлық бөлмелерге тарап едені мен софаларды қыздырған. Жылуын моншаға беріп әбден суыған түтін жоғарғы жақтағы құбырлары арқылы сыртқа шыққан.
Орталық жуыну бөлмесі – ортасында 8 қырлы софасы бар, 8 бұрышты ең үлкен бөлме. 8 қырлы қабырғалары жоғары қарай күмбезге жалғасады. Монша сыртынан қарағанда әуелі көзге түсетін осы жуыну бөлмесінің күмбезі. Күмбездегі диаметрі 40 см-дей түндікпен қатар, күмбездің оңтүстік жағынан және қабырғаның солтүстік жағынан қойылған 2 кіші терезесі бөлменің ауасын тазартумен қатар, ішке жарық түсіріп тұрады. Бұл бөлмеден айнала басқа бөлмелерге өтетін есіктер тарайды. Мұнда да айнала отыруға арналған мәрмәр софалар орналастырылған. Софалардың төменгі жағынан лас су ағатын темір тесіктердің біреуін көру үшін ашық қалдырып қойған. Дәлізден орталық жуыну бөлмесіне кірген бойда еденге төселген ертеден қалған, гулдестелер қашалып салынған жалғыз мармар плитаны көруге болады. Монша ішінен әр ғасырларға жататын мыстан жасалған ыдыстар –шелектер, құмғандар және шылапшындарды көруге болады. Мұндағы пайдаланған мыс пен мармар тастардың антибақтериялық материалдар екенін ескерсек, моншаның гигиеналық жағдайына қаншалықты көңіл бөлінгендігін байқаймыз. Жылу әуелі ыстық бөлме арқылы осы бөлмеге келіп, ары қарай басқа бөлмелерге тараған. Бөлменің биіктігі 4,8 м. Монша дәлізінен орталық жуыну бөлмесіне кірген жерде аяқ астындағы XVI ғ. сақталған жалғыз мәрмәр плитасын көруге болады. Плитаның жиектеріне гүлдестелер қашалып салынған. Басқа артық оюы жоқ. Заманында монша барлық бөлмелерінің едендеріне осындай тастар төселген болатын.
Ыстық су бөлмесі – монша ошағына жақын орналасқан ең ыстық бухана есебіндегі бөлме. Арнайы қойылған қазан арқылы сырттан жағылатын оттан ысыған суды ожаумен алуға ыңғайлы етіп ойық жасалған. Дәлізден кірген адам буханаға кірмес бұрын алдымен орталық бөлмеде шамалы уақыт отырып, денесін дайындайтын болған. Бұл, бірден ыстық бөлмеге кіргеннен қан қысымының көтеріліп кетпеуі үшін жасалған. Мұнда кірген соң екі-үш адам еркін жайғаса алатындай етіп жасалған үлкен софаға жайғасып ыстық бу қабылдаған. Адам денесінен көптеп тер бөліну нәтижесінде зат алмасу, қышқылдану процесінің күшейетінін, денеден шлақтың шығатынын сол уақыттарда да терең ұғынған. Бұл бөлмеде де мыстан жалаған көзе мен шылапшындар қойылған.
Салқын су бөлмесі – ыстық бөлмемен қабырғалас орналасқан салқын бөлме. Бөлмеге кіретін бұрышты созылыңқы есік ойығы суық ауаның орталық бөлмеге тікелей ұрмауын қамтамасыз етеді. Мұнда да бірнеше ыдыстар тұр. Монша ішіндегі айрықша әсер қалдырып, көз тартатын бөлме. Бір таңқаларлығы, қазіргі кезде от жағылмай, күн сәулесі екі бөлмеге бірдей түсіп тұрғанның өзінде екі бөлменің температурасы екі түрлі. Шығыс моншаларында мұндай ыстық және салқын бөлмелердің қатар қарастырылған себебі – моншаға келушілер ыстық бөлмеден кейін салқын бөлмеге кіріп денені ширатып, шынықтыратын болған. Екі бөлмені кезек-кезек қабылдаудың себебінен дене жасушалары тітіркеніп, имунитеттің күшеюін қамтамасыз етсе, қан тамырларының кеңеюі жүрек соғуын жеңілдеткен. Моншаның ішікі құрылысына мән берер болсақ, еш бір бөлмелесінің есігі жоғын көреміз. Солай бола тұра температуралары араласпаған. Бұл өткелдердің төмен етіп жасалғанынан және жоғарыда айтылғандай дәлізден орталық бөлмеге және орталықтан салқын бөлмеге кіретін есік өткелдерінің ұзын және сынық етіп жасалуынан. Белгілі мөлшерде бұған монша қабырғаларының қалындығы да әсер еткен.
Массаж, ем-дом жасау бөлмесі – орталық жуыну бөлмесінен кейінгі ең үлкен бөлме, өйткені бұл бір уақытта бірнеше адам қатарынан массаж жасатуға арналған. Бөлменің биіктігі 4,4м. Бұл бөлмеде софалардың орнатылмауы массажды, астынан жүргізілген жылу жүйесі арқылы қызып тұрған плиталардың үстінде жасалғанын көрсетеді. Шығыс моншаларының ішінде масаж жасайтын анайы қадымшы деп аталатын адамдар жұмыс істейтін болған. Бұл кәсіп атадан балаға қалып отыратын өнер болып табылып, бір әулет тек массажбен айналысқан. Екі бөлмеге кезек-кезек түсуден ширап, массажға ыңғайланған денені қадымшылар уқалап қан айналуын жақсартқан. Бұдан моншаның тек жуынатын орын ғана емес, белгілі мөлшерде денсаулықты да қалпына келтіретін жер екені аңғарылады.
Тазалық бұрыштары — орталық жуыну бөлмесінің оң жағынан жасалған көлемі 1х1м. ерекше қуыс бөлмелер. Едені биіктеу жасалғандықтан лас су бөлменің ортасындағы арықша бойымен әуелі орталық бөлмедегі еңкіш едендерге ағып, сонан соң темір торлардан сыртқа кететін болған. Бұл екі бөлмеде адамдар оңаша отырып, қырынып, тырнақ-шаштарын қырқып тазаланған. Ашып-жабуға жоғарыдан түсірілетін ши есіктер қолданған. Бұл бөлмелерде де гигиеналық құмғандар мен кішкене шылапшындар қойылған. Мұндай бөлмелер, бізден бір неше ғасыр бұрын өмір сүрген адамдардың мәдениетінің қандай деңгейде болғанынан хабар береді. Моншаның бұл бөлмелерінің бәрінің едендеріне көлемі 1,5х0,8м. болатын мәрмәр плиталар төселген. Бұл жаңа плиталар әуелгі (ХҮІғ.) мәрмәр плиталардың орнына төселгенін орталық бөлмедегі ескі мәрмәр плитаға қарап білуге болады. Қабырғаларының құрылысын көрсету мақсатында моншаның ішкі жағының сылақтары бұл күнде аршылып тасталған. Мұндағы ерекше назар аударарлық нәрсе – моншаның еденінің астымен жүргізілген жылу жүйесі. Моншаны жылыту плиталардың астындағы өлшеніп, дәл ретпен қойылған тастардың арасындағы түтін жолдарымен өтетін ысытылған ауа, яғни сырттан жағылған пештің жылуы арқылы іске асқан.
Марина Искакова,
«Әзірет Сұлтан” ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсоводы