Байзақова науат өндіру цехын ашты
Елімізде ісін жаңадан бастап, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін қайтарымсыз гранттар беріледі. Бүгінде дәл осы өтеусіз гранттар халықты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің біріне айналып отыр. Айталық, Сарыағаш ауданында 2024 жылы бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 145 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Олардың қатарында – мүгедектігі бар азаматтар, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшесі, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар бар. Басты мақсат, халыққа қолайлы және экономикаға келер пайдасы болса болғаны.
Осы ретте, қайтарымсыз грантпен науат өндіру орталығын ашып, кәсібін нәсібіне айналдырып отырған мекеменің жұмысын пысықтау жұмыстары жүргізілді. Мекеме құрылтайшысы Байзакова Р. мемлекет тарапынан ұйымдастырылған осындай мүмкіндіктерге алғысын білдіруде.
Айта кетейік, биыл облыста еліміздегі еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған. Ашық форматта өткен комиссия отырысы аудан, қала көлемінде Мансап орталықтарының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде бірінші лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірген. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал, қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған. Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына, 227-сі ауыл шаруашылығы саласына, 298-і қызмет көрсету саласына, 91-і тамақ өндірісі саласына, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.