Сайрамда сайлау учаскелерін материалды-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселелері қаралды

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді Президент.

Қазіргі таңда елімізде жалпыұлттық референдм өткізуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Сайрам ауданында саяси науқанға дайындық барысына байланысты жиын өтіп, онда референдумға дайындық мәселелері жан-жақты сараланды. Толығырақ айтар болсақ, аудан әкімдігінде өткен мәжілісте 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері жан-жақты талқыланды. Жиынға аудан әкімі Арман Сәбитов төрағалық жасады. Оған  тиісті сала және дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдары қызметкерлері, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиын барысында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік көрсетілетін қызмет мониторингі бөлімшесінің басшысы Жасұлан Саутбек қозғалған тақырыпқа қатысты баяндама жасады. Аудан бойынша бекітілген сайлау учаскелері мен аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы туралы сандық көрсеткіштерге тоқталды.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Арман Сәбитұлы жауапты тұлғаларға республикалық референдум өткізудегі дайындық жұмыстары мен ұйымдастыруды жүзеге асыру үшін бірқатар тапсырмалар жүктеді. Саяси науқан барысында сайлау учаскелерінің толыққанды жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету, сайлау округтері туралы ақпараттарды тиісті сайттар мен БАҚ беттерінде жариялау, көрнекті жерлерге референдумға шақыру бойынша баннерлер орналастыру, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне тиісті жағдайларды жасау, қоғамдық қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру, желілік кесте бойынша белсенді насихат жұмыстары мен іс-шараларды жиі жүргізуді жүктеді.

Сонымен қатар, сайлау учаскелерін материалды-техникалық базамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі де айтылды.

Орайы келгенде оқырманға референдум туралы толығырақ ақпарат бере кетейік. Референдум (лат. referendum — хабарлануға тиісті нәрсе) — мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Мұндай демокр. институт алғаш рет Швейцарияда қолданылды. Арнайы даярлық қажет ететін төтенше, шұғыл мәселе дауысқа салынбайды. Референдумға заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады.

Референдумның негізгі екі түрі бар. Резолютивті референдумда қабылданған шешімнің ешбір қосымша бекітусіз бірден мемлекет аумағында міндетті күші болады және жаңа референдумда ғана күші жойылады;

Консультативті Референдум белгілі бір мәселе жайындағы халықтың пікірін білу үшін өткізіледі. Мұндай Референдумның қорытындысы өкімет үшін міндетті болмайды.

Халықаралық құқықтық мәселе бойынша Референдум (көбіне плебисцит делінеді) өткізу 20 ғасырдың соңғы жиырма жылы ішінде өріс алды. Мысалы, Еуропа Кеңесіне мүше болу-болмау мәселесі бойынша Франция, Дания, Норвегия, Швеция, Ирландия елдерінде Референдум өткізілді. Қазақстанда Референдум өткізу туралы шешімді ҚР Президенті қабылдайды. Оған 18 жасқа толған Қазақстан азаматы қатыса алады. Сот төрелігі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, салық саясаты, бюджет, билік орындарының құзыреті, басқару нысаны, адам бостандығы мен құқығы, әкімшілік-аумақтық құрылыс пен шекара мәселесі референдумға негіз бола алмайды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы референдум 1995 жылы өткізіліп, халық бірауыздан Ата Заңды қабылдады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *