Алтынайдың алар асуы әлі алды
Жастар практикасы — алған мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру мекемелерінің 35 жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған бағдарлама. Жастар практикасының ең басты құндылығы – жас маманның ең алғашқы еңбек тәжірибесін алуға және еңбек өтілі болуға мүмкіндігі.
Жақында Алтынай Жұмаділқызы бүгінгі таңда Төлеби ауданы бойынша кірістер басқармасында “Жастар практикасы” бағдарламасымен жұмысқа жолдама алған болатын. Ұжымдастарынан білмегінін үйреніп, тәжірибие жинап жатқанына риза болып «Мансап » орталығына алғыс білдіруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел жастарын назардан тыс қалдырмай, мемлекеттік саясаттың бір бағытын соларға арнап келеді. Соның бірі ретінде өз ісін бастаймын деген жастарға көрсетіліп жатқан қолдауларды айтуға болады. Өңірімізде жастар саясатын дамыту және жұмыссыздықты азайту мақсатында кәсіпкерлікке қызығушылығы бар азаматтарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Сонымен қатар, елімізде 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты туралы тұжырымдама қабылданған болатын. Онда жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, заманауи құндылықтар мен патриоттық тәрбие, салауатты өмір салты, NEET санатындағы жастар үлесін төмендету, сондай-ақ, ауыл жастарын қолдау мәселелері жан-жақты қарастырылған.
Жастарға арналған бағдарламалардың ішінде «ZHAS PROJECT» жобасының тиімділігі көп. Жастардың осал топтары арасында жүзеге асырылған шағын гранттар бағдарламасына былтыр облыс бойынша 143 өтініш түсіп, ережеге сай келген 61 жоба техникалық іріктеуден өткізілген. Содан соң келесі кезеңге өткен жастар 3 күндік семинар-тренингте білім алып, соңғы комиссия отырысында өз жобаларын қорғаған 30 үміткердің 20-сы 1 млн. теңгелік грантқа ие болған. Олар өздеріне қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, белгілі бір топтағы мүгедектігі бар жандарға тегін көмек көрсетуде.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары Пердебек Есқұловтың айтуынша, биыл «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жобасы» аясында өңірдегі 600-ден астам жасқа 2,5 пайызбен 5 000 000 теңгеге дейін несие беру жоспарланған. Сондай-ақ, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық «BEST STARTUP» – үздік инновациялық жобалар байқауын өткізу жоспарлануда.
Айта кетейік, бұл жобаның мақсаты – ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үздік жобалар мен технологияларды анықтау және ғылыми-инновациялық қызметке қызықтыру арқылы жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыру. Потенциалды инноваторлар мен инновациялық жобаларды ойлап табушыларға бизнесті жоспарлауды оқыту, ғалымдардың, инженер- техниктердің, жұмысшылардың, өнертапқыштардың, жастардың инновациялық ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру.