Пернекүлдің авто ательесі жұмысын бастады
Жақында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың жұмысымен танысу және оларды қолдау мақсатында арнайы Қазығұрт ауыл округінде орналасқан 2 кәсіпкерлік нысанға барды. Соның бірі – Пернекүл Исакованың «AISARA» авто ательесі.
Пернекүл Исакова 2023 жылы жаңа бизнес-идеяға берілетін 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грантты иемденіп, кәсібін бастаған болатын. Қазіргі таңда ол автокөліктердің ішкі бөлігіне арналған заттар тігумен айналысады.
Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы грант иегерінің жұмысын көріп, оң баға берді. Сондай-ақ, арнайы сұхбат құрып, кәсіпкерлікті қолдайтынын жеткізді. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмектерді айта келіп, заң аясында кез келген көмектерді көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Өз кезегінде кәсіп иелері де мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай мүмкіндіктердің барына ризашылықтарын білдіріп, халық атынан алғысын айтты. Сонымен қатар, мұндай жобалар жұмыссыздықты төмендетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартатынын тілге тиек етті. Алдағы жоспарларымен бөлісіп, ауданымыздың экономикалық дамуына үлес қосатындықтарын жеткізді.
Айта кетейік, өңіріміздегі аналар отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.
Жалпы биыл облыста еліміздегі еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде бірінші лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірген. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал, қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған.
Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына, 227-сі ауыл шаруашылығы саласына, 298-і қызмет көрсету саласына, 91-і тамақ өндірісі саласына, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.