Өнерлі әулеттің шамшырағы

Шардара қаласындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде көптің құрметіне бөленген мұғалімдер аз емес. Соның бірі ұзақ жылдан бері осы  білім ошағында жемісті қызмет атқарған Бибімәриям Байтүгелова. Ағарту саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан қажырлы еңбегінің өтеуі ретінде былтырғы жылы Қазақстан Республикасының        Білім және Ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы медалімен марапатталды. Әрине, ұстаз үшін бірінші кезекте өз қолынан білім алған шәкірттерінің елдің азаматы болып қалыптасуларынан артық бақыт болмаса керек. Десек те, Бибімәриям Баратқызы осынау наградаға әбден лайық тұлға деп айтсақ жарасады.

Бибімәриям апайдың бала кезгі арманы заң қызметкері болу еді. Алайда, тағдыр жас ұрпақтың көкірегіне білім нәрін себетін ұстаздық қызметті жазыпты. Көксу ауылының фермасында туып-өсті. Әулеттің үлкені болды. Әке-шешесі қысы-жазы бел жазып демалуды білмейтін, өкіметтің қойын бағатын шопандар еді. Бауырларымен бірге ата-анаға қолғанат болып, қара жұмыстың бәрін істейтін. Немере ағасы Шымкент қаласында оқитын еді. Ауылға келгенде бәрі соның қасынан шықпай әңгімесін құмарта тыңдайды. Бұларға түрлі кітаптар әкеп беріп, өнер-білімге сусындатып кететін. Сол ағасының ықпалы болар, құмда жүріп қаршадай қыз мен де ағам сияқты үлкен қалада білім алсам деп қиялға берілетін. 8 сыныпты бітірген соң Шымкент қаласындағы М.Тасова атындағы мектеп-интернатқа ауысып, облыс орталығында оқып келді. Үлкен ортада шыңдалып, көңіл көкжиегі ашылған білімді жас болып қалыптасты.

Мектептен соң Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Университетіне құжат тапсырды. Бірінші жылы жолы болмады. Алайда оған мойыған жоқ. Келесі жылы тағы сол білім ордасына барып бақ сынап, биология-химия факультетінің студенті атанды.

Университет бітірген соң жолдама арқылы Шардара ауданындағы «Достық» орта мектебінде бір жылдай жұмыс істеді. Мұнан соң Бейсенбек Бибосынов сынды азаматпен көңіл жарастырып, өз алдарына шаңырақ көтерді. 1987 жылдан бастап М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебіне қызмет ауыстырып, шәкірт тәрбиелеп келеді.

–Марқұм Бейсенбек ағамыздың өнерін дүйім ел біледі. Әйгілі әншінің жұбайы болу қиын болған жоқ па? – дейміз Бибімәриям апайды әңгімеге тартып.

–Жалпы өнер адамының жолдасы болу оңай емес деп жатады. Бірақ, бір-бірін шын жақсы көрсе ештеңе де кедергі болмайды. Бейсекеңмен жас кезімізден араласып өстік. Студент шақтан бастап жақын араласатын болдық. Елге барғанда ауыл жастары болып дарияның жағасында алау жағатынбыз. Неше түрлі әндер шырқалып, ойын-сауықтар ойналатын ғажап кездер естен шықпайды, – дейді Бибімәриям Баратқызы.

30 жылдан астам уақыт оқытушылық қызмет атқарып келе жатқан ұстаз туралы әріптестері тек жақсы пікірлерін білдіреді. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Дариға Нұсқабаева:

–Бибімәриям Байтүгелова қаншама жылдан бері көз алдымызда еңбек етіп келеді. Өз ісінің білікті маманы бола білген тәжірибелі ұстазды әріптестері де, шәкірттері де зор құрмет тұтады. Жұмыс барысынан бөлек, отбасымызбен де көп араластық. Күміс көмей, жезтаңдай әнші Бейсенбек екеуі отырыстың гүлі еді. Екеуі «Қызқарағай» әнін айтқанда жұртшылық ұйып тыңдайтын. Әлі есімде, ұлдары Сырымбет кішкентай кезінде сарыауру болып ауырып қалды. Менің әкем осындай кеселді емдеп жазатын қасиеті бар еді. Мен соны жасайын дедім де, «балаңды өзім емдеп берем, тілін көрсетші» деп, тілінің астындағы сап-сары боп тұрған жерді кесіп, қанын ағызып тастадым. Содан Сырымбет жазылып кетті. Өнерлі әулеттің шамшырағы болып отырған Бибімәриямнің еңбегіне алдағы уақытта да жеміс тілейміз, — дейді.

Иә, әулеттің көзінің ағы мен қарасына балаған ұлдары Сырымбетті бүгінде танымайтын адам жоқ. «Өнер қырандары» театрында ешкімге ұқсамайтын шеберлігімен көрерменнің көзайымына айналып жүрген Сырымбет Бибосыновты біз де мақтан тұтамыз. Сырымбеттен балдай тәтті немере сүйіп отырған Бибімәриям Байтүгелқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *