Іскер әйел
Кешегі көктем ай Сапаркүл Жиенбаеваға өз қуанышын сыйлаған болатын. Шардара аудандық Оқушылар үйінің директоры қызметін атқаратын Сапаркүл Зәбиқызы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрі А.Аймағамбетовтің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл марапаттар ұзақ жылғы ұстаздық қызметтің жемісі, жанкешті мехнаттың өтеуі деп айтсақ жарасады.
Сапаркүл Жиенбаеваның ұтымды ұйымдастырушы екеніне Оқушылар үйінің тізгінін қолға ұстаған сәтінен көзіміз жете түсті. Алдымен Оқушылар үйінің ғимаратын ретке келтіріп алды. Көзге елеусіздеу көрініп тұратын бұл мекеме іскер басшының қолына тигесін көркейіп шыға келді. Мекеменің іші-cырты жөндеуден өтіп, ауласы гүлмен көмкерілді. Ғимарат қабырғасындағы айшықты жазулар мен басқа да көрнекіліктер анадайдан менмұндалап, жарқырап көрінетін болды. Абай көшесімен олай-былай өткен адамдар мұндағы өзгерістерге көңілдері толып, көз тоя қарайтын болды. Оқушылар үйінің ішкі жұмыстары да талапқа сай реттеліп, бір жүйеге түсіп қалды. Аз ғана мерзімнің ішінде тәртіп те, жұмыс жүйесі де бір арнаға түсіп, көп ұзамай өз нәтижесін бере бастады. Әрине мұның барлығы да басшының қатаң талап қоя білуінің, жұмыстың көзін таба білетін ізденімпаздығының арқасы десек жаңылыспаймыз.
-Оқушылар үйі – қосымша білі беру мекемесі болып саналады. Қазіргі таңда мұнда 67 үйірме жұмыс жасайды. Оған 1967 оқушы қамтылып отыр. Оқушыларды үйірмелерге көптеп тарту мақсатында ауыл және қала мектептерінің базаларынан бөлмелер қарастырылған. Онда оқушылар өздерінің қызығушылықтарымен қалаған үйірмелеріне қатысып жүр. Баланың бойындағы қабілетін танып, оны ашып отыру тікелей үйірме жетекшісінің біліктілігіне, тәжірибелілігіне байланысты. Біздің қызметкерлер өз істеріне жауапкершілікпен қарауды әдетке айналдырған. Соның нәтижесінде оқушыларымыз жүлделі орындарды бағындырып келеді. Атап айтқанда, Оқушылар үйінің «Балауса» би тобы республикалық «Хан Назар» байқауының, басқа да шәкірттеріміз республикалық «Дарабоз», «Зерде» интеллектуалды байқауларының, облыстық «Театр ғажайып әлемі», «Жас шеберлер» тағы асқа да байқаулардың жеңімпаздары атанды. Шалғайдағы Шардара ауданы үшін бұл үлкен жетістік деп білемін, — дейді Сапаркүл Зәбиқызы.
Сапаркүл Жиенбаева ұстаз болуды бала кезден армандап өсіпті. Әкесі Зәби аға өздері туып-өскен Өзбекстан Республикасы, Жызақ облысы, Фарыш ауданына қарайтын Аманкелді кеңшарында ұзақ жыл инженер болып қызет атқарды. Бүгінде 85 жасқа келіп отырған Күнімхан анамыз Зәби аға екеуі 11 перзент өмірге әкеліп, оларды қатарларынан кем қылмай оқытты, шоқытты. Балаларының барлығы да жоғары білім алып, бүгінгі таңда бірі инженер, бірі дәрігер, бірі мұғалім, кітапханашы секілді мамандықтарды атқарып келеді.
Жызақ мемлекеттік педагогикалық институтын орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі амандығы бойынша бітірген Сапаркүл Зәбиқызы алғашқы еңбек жолын 1989 жылы аға тәлімгер болып бастады. Өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап, қандай тапсырманы болсын игеріп әкететін жас маман көп ұзамай басшылықтың көзіне түсе бастады. Сондықтан да болар, 1994 жылы Фарыш аудандағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметті де абыроймен атқарған Сапаркүл Жиенбаева педагогика саласының нағыз маманы ретінде таныла түсті.
Сапаркүл Жиенбаеваның Шардарадағы еңбек жолы 1998 жылы басталды. Осы жылы Шардара қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы бастауыш мектепке орыс тілі пәнінің мұғалімі болып орналасты. 2007 жылдың мамыр айынан бастап осы білім ошағында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызметі жоғарылады. Аса жауапты саналатын бұл жұмысты да ұршықтай үйіріп әкетті десек болады. Он жылдан аса уақыт осынау қызметті өз дәрежесінде атқарып, 2017 жылы Оқушылар үйінің директоры қызметіне тағайындалды.
Көп жылдар бойғы атқарған оқытушылық қызметі елеусіз қалған жоқ. Аудандық білім бөлімінің және облыстық білім басқармасының, аудан, облыс әкімдерінің «Алғыс хаттары» бір төбе. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің Түркістан облыстық департаментінің, «Аманат» партиясының облыстық және аудандық филиалдарының грамоталарын иеленді.
Сапаркүл Зәбиқызы жан жары Қалдарбек Тұрманов екеуі 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлдардың алды үйлі болып, шаңыраққа 2 келін түсті. Олардан балдай тәтті 4 немере сүйіп отырған жайлары бар. Үлкен ұлдары Асқар Алматыда жеке кәсіпкерлікпен айналысса, екінші ұлдары Талғат Ақтау қаласында әскери полиция капитаны болып қызмет атқарады. Үшінші ұлдары Бақдәулет Алматы қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінде оқыса, ең кенже егіздері Балнұр мен Бекнұр Шардара қаласындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары.
-Жас кезімнен қазақ классиктерінің кітаптарын оқып келемін. Әдебиеттен қазір де қол үзген емеспін. Соңғы оқыған кітабым Мархабат Байғұттың «Әпкемнің әңгімелері» атты әңгімелер жинағы. Нағыз өмірден алынған оқиғаларды шұрайлы тілмен шынайы бейнелей біледі ғой Марбат ағамыз. Керемет әсер аласың. Менің басты ұстанымым өміріңді адал сүрсең, соған лайықты баға аласың. Ертең қартайғаныңда да өткеніңе өкінбес үшін әрбір күніңді тиімді пайдаланып, өзің сүйген кәсіппен рахаттанып айналысуың қажет. Мен бұл өмірде өзім таңдаған мамандығымды иеленіп, соның жемісін көріп келемін. Ал, ең басты байлығым – отбасым – алтын босағам, — дейді Сапаркүл Жиенбаева.
Өмірде өз жолы мен өз орнын тапқан бақытты жанға өзгелер де қызыға қарайды.