Бос уақыты болмайтын Аманкүл апа
Біздің кейіпкеріміз – Аманкүл Жолдыбайқызы Бектаева Мақтаарал ауданы, Қызылқұм ауылдық округіндегі «Әжелер алқасының» төрайымы. Ол кісімен сұхбаттаса отырып, бір зиялы кісі болса осындай-ақ болар деп ойладық. Аманкүл апа, біріншіден – ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі. Екіншіден – ауылдағы ардагер апалармен бірге жас ұрпаққа тәлім-тәрбие үйретіп келе жатқан көргенді ене. Үшіншіден – қолынан тоқыма тоқу да, құрақ құрау да, гүл өсіру де келе беретін ісмер әже. Содан кейін мұсылман баласына арман болған қасиетті Меке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп қайтқан Әкпар қажы. Ең бастысы ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, өнегелі ұрпақ өсіріп отырған ұлағатты ана.
-1942 жылы Сайрам ауданының Теспе деп аталатын ауылында өмірге келдім. Әкем соғыс мүгедегі еді. Анам Мейіргүл екеуі 10 ұл-қыз өсірді. Мен әулеттің тұңғышы болдым. Көп балалы үйдің, әрі мүгедек майдангердің баласы болғандықтан 5 сыныптан бастап мен интернатта тәрбиелендім. Ол Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы мектеп-интернат еді, — деп бастады әңгімені Аманкүл апа.
— Сіз жоғары білімді педагогсыз, оның үстіне қалада бұлғақтап өскен ерке қыз болдыңыз. Ауылдың тіршілігіне қалай төселіп кеттіңіз?
-Айтып отырмын ғой, әсіресе үлкен енемнің тәрбиесі күшті болды деп. Өзімнің енем ертерек қайтыс болып кетті де, осы әжемен қалдық. Үлкен енем айқайлап дауыс көтермей-ақ, ауылдың келіндері не істеу керек болса соның бәрін де үйрете білді. Таңғы сағат 5-те тұрып 3 сауын сиыр сауатын болдым. Сосын есіктің алдында үш үйдің ауласындай егістік алқапқа неше түрлі нәрсе егеміз. Мектепке барып, сабақ өту тағы бар. Келгесін баяғы тірліктер қайта жалғасып кете береді. Үлкен енемнің қасында жүріп-ақ осылар істелінуі тиіс болған соң шаршап-шалдығуды білмей жүре беретін едік. Интернат, одан институттан басқа көрмеген маған мұның бәріне көндігу әрине өте ауыр болды. Бірақ, біздің тәрбиеміз солай еді. Қанша қиындық көріп жүрсем де төркініме «ойбай қиналып жатырмын, шыдай алмаймын» деген сөзді айтпаппын да, ондай ой басқа келмепті де.
Менің өмірлік жолдасым Бабахан басында Шымкент медучилищесінің тіс дәрігері мамандығын оқыған. 1961-1965 жылдары осы мамандығы бойынша еңбек етті. Бірақ, қайтсем де жоғары білім аламын деп армандаған Бәкең ақырында Алматыдағы зооветеринариялық институтқа оқуға түсіп, зоотехник мамандығын иеленіп шықты. Тағы да 4 жыл бойына күндізгі бөлімде оқыды! Баяғы қиналу қиналу ма, жұбайым Алматыда оқып жүргенде, енеміз екеуміз ауылда мехнаттың неше түрін атқардық. Қатал ененің қасында жүріп-ақ көп-көрім үлгі-өнеге алып шыққанымды кейін білдім. Ол кісі «ер жігіттің әйелі атжалмандай шұлғысын», «ас ішсең атауыңдай іш» деген мақалдарды жиі айтып отыратын.
Менің мамандығымның өзі нағыз қиын саланың бірі. Математика және сызу бойынша оқу оқыдым. Сонда бір кәріс ағайымыз 1 мм қиыс кетіп, қисық сызсаң парағыңды лақтырып жіберетін еді. Азаннан-кешке дейін өміріміз ақ қағазға шимай сызумен өтетін. Өзім сүйген мамандық болғасын көндім. Тұрмысқа шыққан соң алғашқы еңбек жолымды №3 бөлімшедегі бұрынғы Пушкин атындағы мектепте бастадым. 7 жыл бойы математика және сызу сабақтарынан дәріс бердім. Мен сияқты жоғары білімді математик маман жоқ. Әйелдерден осы оқуды бітірген өзім ғана екенмін. Кілең ер кісілердің арасында жалғыз жоғары білімді математик әйел мен болдым. Кейіннен кеңшар орталығына жұмысымды ауыстырып, зейнетке шыққанша Ленин атындағы мектепте еңбек еттім.
-Отбасында қандай ана болдыңыз? Балаларға кімді үлгі тұтатын едіңіз?
-Отағасым Бабахан өзінің мамандығынан басқа өнердің де адамы болды. Домбыра шерту, баян тарту, тойларда асаба болу сияқты өнерді жақсы игерген. Ақындығы күшті еді. 2000 жылы асқаралы 60 жасында өмірден озып кетті. Мен кейін Бабаханның сөзі өлмесін деп, артында қалған жазған жырларын елеп-екшеп, «Кітап» баспасынан «Армысың, өлең!» атты кітап етіп шығардым.
Отағасымның алаңсыз оқуына, жарқылдап жүруіне ешқандай кедергі келтірмей, сол кісі деп өмір сүрдім десем болады. Алматыда күндізгі оқуға түсті дедім ғой, сонда мен мектепте екі ставка бойынша сабақ беріп, екі адамның айлығын алдым. Екі жылдай осылайша кешке дейін еңбек еттім. Себебі, математика-физика пәнінен адам жоқ. Екі адамның айлығы деген әжептәуір ақша ғой, есесіне соның бәрін Алматыда оқып жатқан жолдасымның әжетіне жұмсап отырдым. Кейіннен жоғары білімі бар математик келді де, екі ставкамен істеуден босадым әйтеуір.
Бабахан кеңшардабас зоотехник болды. Сонда да мен екі мезгіл сиыр сауып, сүт пісіріп, айран ұйытудан қол үзген емеспін. Кейін ойлап қоям «сонда білдей зоотехник боп істейтін күйеуіме сүт фермасынан 5 литр сүт әкеле салшы десем де болады екен-ау, өйткені бәрі қолында тұр екен ғой» деп. Бірақ, бізге ондай тірліктер жат еді. Есесіне, үйден қонақ үзілмеді. Комиссия келсе де совхоз басшылары біздің үйге жібереді. «Ол үйде ет те бар, ән де бар» деп. Ән деп отырғаны – келген қонақтың көңілін аулап, дастарханын жайнатып отыратын Бәкеңнің серілігі.
Бәкең екеуміз 2 қыз, 4 ұл тәрбиелеп өсірдік. Мен өзім балаларыма әруақытта әкенің орны жоғары деп ұқтырып отырдым. Бала тәрбиесіне жолдасым да жауапкерлікпен қарап отыратын. Балалар жас кезінде әзіл-шынын араластырып, «Әй, Аманкүл, балаларға осы бастан құя бер құлақтарына. Ұл келін алып, қыз тұрмысқа кететін болса – берісі осы Мақтаарал, әрісі Шымкенттен ары аспасын» деп отыратын. Ойлап қарасам, салт-дәстүрді нық ұстанған, сырмінез, өзіміздің аймақта өсіп-өнгенін қалап отыр екен ғой. Аллаға мың қайтара шүкір, ұл-қыздарым әке-шеше атына кір келтірмей, арбаларын сүйреп жүр. Бәрі жоғары білімді, бәрі де өз қолдары ауыздарына жетіп, бұйырған несібелерін теріп жеп жүріп жатқан жайлары бар. Мен қазіргі уақытта 4 келін түсірдім. Жұрт қызыға қарап, «Аманкүлдің келіндері шетінен керемет, әдепті» деп жатады. Мен айтамын«келіннің бәрі бірден біліп келмейді, босаға аттап келген соң ары қарай тәрбиелеу менің міндетім» деп.Қазір осынау ұл-қыздарымнан 21 немере, 3 шөбере сүйіп отырмын.
-«Әжелер алқасына» басшылық жасайды екенсіз. Қалай ұйымдастырасыз? Қол боста немен шұғылданасыздар?
-Әжелердің ақылы ұрпақ тәрбиесіне әр уақытта да керек. Бой түзеп, тұрмыс құратын қызға да, жаңадан босаға аттаған келінге де ененің кеңесі қажет. Ұрыс-керіс болатын үйлерге барып, шамамыз келгенінше жарастыруға тырысамыз. Сосын, қартайдым, зейнетке шықтым екен деп, үйде отыруға әсте болмайды. Мен жүріп-тұруға жарайтын өзім құралпы ардагер апаларды дәл қазіргі күні салауатты өмір салтына үйретіп жатырмын. Біздер болса да жүгіруден қалып кеттік. Бірақ, жайлап жүруге болады ғой. Қозғалсаң ол да денсаулығыңа жақсы. Сөйтіп, бес-алты кемпір болып, таза ауада олай-былай бой жазып жүруге үгіттедім. Топтасып алып, көшеге шыққанымыз сол екен, ауылдың такси жүргізушлері бізді тойға бара жатыр деп ойлай ма, қасымызға бірінен кейін бірі келіп: «апалар, отырыңыздар жеткізіп салайын, Жетісай ма, Киров па?» деп мазамызды алып бітірді тегі. Кейін, қой бұлай болмайды екен дедік те, егістік алқапқа қарай кететінді шығардық. Сол жерге 15-20 кемпір жиналамыз. Мен әртүрлі кітап-журналдарды алып шығамын. Сөйтемін де, денсаулықты түзеу, дәрісіз емделу сияқты мақалалардан үзінді оқып беремін. 2006 жылы Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызды өтеп келдім. Отыз күн ораза кезінде кешкісін ауызашарда бас қосамыз. Ол да үлкен орта. Мен ол кезде де бүгінгі өміріміздің кемелдігі жөнінде, ауызбірлік пен ынтымақ жөнінде дана би-шешендердің айтқандарынан оқып отырамын.
Ал, өзімде қол бос уақыт деген болмайды десем де болады. Базарға барам да түрлі жіптерді сатып аламын. Мысалы, «турецкая травка» деп аталатын аппақ жіптен кәдімгі осы қазір мода деп жамылатын шәліні тоқып отырамын. Қаздардың жасауына боса да құрақты өзім құраймын. Кейде түннің жарымында тұрып алып, ұйқы қашатын кез болады. Ол кезде серігім – кітапты қолға аламын. Немесе, байпақ тоқимын, жейде тоқимын. Жұртқа ұқсап, азаннан кешке дейін түріктің, үндінің сериалын көріп отыру ешқандай пайда бермейтін нәрсе. Мұны немерелеріме де ұқтырып, одан да пайдалы іспен шұғылданып отыруға шақырамын. Ал, қазақтың ұлттық дүниетанамына лайық көрсетілімдерді жанұямызбен бірге отырып тамашалаймыз.
-Аманкүл апа, бізбен уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін рахмет айтамыз.