Айжанның «Тоқылған кілемше» жобасы қайтарымсыз грант ұтып алды

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар жыл сайын беріліп келеді. Биыл да қайтарымсыз грант (бірінші лек) берілді. Бұл жұмыстар Мансап орталықтары арқылы іске асуда. Бұл жоба арқылы нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа қайтарымсыз гранттар беріліп, кәсіптерін бастауға мүмкіндік беріп отыр. Грант қаражатын ісін жаңа бастаған жекелеген әлеуметтік санаттағы азаматтарға бизнесін іске асыруға, өндірісті дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы жобаға қатысып, грант жеңімпазы атанғандардың бірі – Мақашева Айжан Төребекқызы. Айжан Төлеби ауданы, Көксәйек ауылының тұрғыны, көп балалы ана. Грантты ұтып алу үшін «Тоқылған кілемше» жобасын ұсынған. Комиссия отырысында ерекше жоба ретінде танылып, оң шешімін алды. Қазіргі таңда осы бизнес жобасы табыс көзіне айналып, бір адамды жұмыспен қамтып отыр.

Айта кетейік, жақында өңірімізде жаңа бизнес жобаларды қолдауға бағытталған қайтарымсыз грант беру бойынша комиссия отырыстары ұйымдастырылған болатын. Биыл грант беру жұмыстары 2 лек бойынша жүзеге асаты. Атап айтқанда, бірінші лек өтінімдері мамыр айында қабылданса, екінші лек өтінімдері шілденің 15-26 күндері қабылданды.

Биыл облыста еліміздегі еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған. Ашық форматта өткен комиссия отырысы аудан, қала көлемінде Мансап орталықтарының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде бірінші лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірген. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал, қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған. Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына, 227-сі ауыл шаруашылығы саласына, 298-і қызмет көрсету саласына, 91-і тамақ өндірісі саласына, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *