Диана бөдене бағудың қыр-сырын үйретеді
Келес ауданына қарасты Біртілек ауылдық округі аумағындағы «Asyl qus» құс шаруашылығы бөдене өсірумен айналысады. Жалпы құны 16 миллион теңгені құрайтын жоба осыдан үш жыл бұрын қолға алынған болатын. Бөдене бағып, табыс тауып отырған кәсіпкер Диана Есенованың айтуынша, ол бүгінде жұмыртқамен қатар бөдене етін де экспортқа шығарып үлгерген.
– Бөдене өсіру бұл біздің отбасылық бизнесіміз. Бұған дейін бірнеше кәсіппен айналысып өзімізді сынап көрген едік. Біраз тәжірибе жинадық. Солай іздене жүріп бөдене бағуды қолға алдық. Алғашқыда бөденені сатып алып жүріп едік, қазір бөденені өзіміз шығарып, көбейтіп жатырмыз. Күніне 3 мыңға жуық жұмыртқаны еліміздің ірі қалалары мен облыс аумағындағы аудан, қалаларға жөнелтіп отырмыз. Бұдан бөлек, бөдене етін де сұраушылар көп, – дейді Диана.
Кейіпкеріміз Диана арнайы онлайн курс ашып, бөдене бизнесімен айналысамын деушілерге аталмыш кәсіптің қыр-сырын үйретуде. Бұл бастамасы да жаман нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Кәсіпкер бір гектар аумақтағы құс шаруашылығында 9 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді мақсат етіп отыр.
Айта кетейік, өңіріміздегі аналар тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда.
Бүгінде облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр. Қазіргі таңда Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын нәзікжандылар құрайды.