Гүлбара апайдың азық-түлік сататын бірнеше дүкені бар
Келестік Гүлбара Маханбетқызы – жеке кәсіпкер. Ауданда оның азық-түлік сататын бірнеше дүкені бар. Гүлбара апай Сайрам ауданының тумасы. Шымкенттегі медициналық колледжді тәмамдаған. Жолдасы Есімханов Екуда екеуі шаңырақ көтергеннен кейін Келес ауданында тұрып, сонда сауда-саттықпен айналыса бастайды.
— Мен 1989 жылы тұрмысқа шықтым. 1995-2001 жылға дейін біз үшін қиын кезеңдер болды. Ауданда сәрсенбі, жұма күндері базар болатын. Жолдасым екеуміз алғашқыда базарға шығып, сауда жасап жүрдік. 2005 жылы бір ғимарат сатып алып, оны азық-түлік сататын дүкен етіп аштық. Сол бір дүкеннің жанына тағы бір дүкен қосып, осылайша азық-түлік сататын дүкендеріміздің санын көбейттік. Әрине, мұның бәрі төбеден түсе салған оңай олжа емес. Маң тердің, адал еңбектің арқасында болатын дүние, — дейді Гүлбара апай.
Қазіргі таңда Гүлбара апай 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Айтпақшы, Гүлбара апай 2017-2018 жылдар аралығында «Даму» қорынан кәсіпкер әйелдерге аз пайызбен ұсынатын несиені алып, оның кәсібін ары қарай дөңгелетуіне үлкен септігі тигенін жеткізді.
Гүлбара апай мен Екуда ағай бүгінде 2 ұл мен 2 қызынан немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Айта кетейік, өңірімізде кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап арта түсуде. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Соның 68 мыңын қыз-келіншектер құрайды. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31 пайызында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.
Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27 пайызын нәзікжандылар құрайды.