Ақеркенің термопанельдеріне тапсырыс берушілер көп
Созақ ауылдық округінде үйлердің фасадын және фундаменттерін сыртқы факторлардан қорғау үшін шығарылатын термопанель өндірісі алғаш рет іске қосылып, өз жұмысын бастап кетті. Аталмыш кәсіпті ашқан 30 жастағы жас кәсіпкер Ақерке Амандыққызы ашты.
Жақында Ақерке Амандыққызының кәсібімен танысқан болатынбыз. Сонда жас кәсіпкер «Мемлекет тарапынан қолдау болса, кәсібімді ұлғайтар едім» деген арманын жеткізді. Сала мамандары мемлекет тарапынан көрсетілетін кәсіпкерлерге қолдау бағдарламаларына қатысу жолдарын түсіндірді.
Мемлекет басшысы «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе, әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Нәтижесінде кәсіпкер әйелдердің саны артып келеді.
Былай қарағанда, елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында нәзік жандылардың үлесі көп деуге болады. Олар шағын және орта бизнеске басшылық жасап келеді. Сонымен қатар,Түркістан өңірі – ел демографиясына үлкен үлес қосып отырған облыс. Мұнда 177 мыңнан аса көп балалы аналар тұрады. Түркістан облысының аналары дүниеге сәби де әкеледі, қызмет те жасайды, кәсіпкерлікпен де айналысады, бір сөзбен айтқанда, әмбебап, өмірге икемді, бейімделгіш. Облыс көлемінде 155 мың кәсіпкер болса, оның 32%-ы немесе 48 мыңға жуығы әйел.
Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша 506 кеңес берілді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл Түркістан облысы бойынша жалпы 330 кәсіпкер 22,799 млрд. теңгеге, соның ішінде 135 кәсіпкер әйел 6,158 млрд. теңгеге қаржыландырылды.