Перзентханаға барып, жаңадан босанған аналарға ақ тілектерін жеткізді

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жанұяның қоғамдағы рөлін сараптап, нығайту бағытында іргелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде елімізде отбасы институты берік қалыптасып, дамып келе жатыр. Оның ішінде ана мен балаға деген қамқорлық, ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру, лайықты біліммен сусындату, денсаулығы мен тыныштығын сақтау ерекше назарға алынған.

Айтайын дегеніміз, жақында «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Е.Исақұловтың демеушілігімен, Қазығұрт аудандық, Аналар кеңесінің төрайымы П. Сәбитханқызы, Қазығұрт ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығының, отбасын қолдау бөлімше меңгерушісі А. Сапарбекұлы, аудандық партия филиалының консультанты А.Тұрғынбайқызы перзентханаға барып, жаңадан босанған көпбалалы аналарға сый-сияпат жасады.

Еліміздің демографиясына, саналы ұрпақ тәрбиелеуге қосып жатқан үлестері үшін Аналар кеңесінің төрайымы Перизат Сәбитханқызы аяулы аналарға алғысын айтып, нәрестелерге арналған сый-сияпаттарын табыстады.

««Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» демекші, мақтан етер ұрпағымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы биік, босағасы берік болсын. Осындай қуанышты күні баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, шынайы бақыт тілеймін. Әр үйде бақ қонып, қыдыр дарып, қуаныш пен шаттық шалқысын» деп жаңадан босанған аналарға ақ тілегін жеткізді.

Айта кетейік, өңіріміз демографиялық өсімі жоғары аймақ болып табылады. Ана мен бала құқығын қорғау, әйел азаматтардың жан-жақты дамуына жағдай жасау басты міндет болып саналады. Бүгінде облыста 177 мыңнан астам Алтын құрсақты ана тұрады. Оның 15 мыңнан астамы – «Алтын алқа», 43 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *