Түлкібас ауданында биыл туризм саласында 8 жоба іске асырылмақ
Түлкібас ауданында экономикасының дамуының маңызды бір бағыты туризм саласы. Бүгінде ауданда 36 туристік нысан жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, 3 қонақ үй, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақтар мен туристік базалар, 4 киелі аймақ. Өткен жылы ауданға 15 мыңға жуық турист келген. Ал, жылдық жоспар 14 900 адам болатын.
Жалпы туризм саласы бойынша алдағы 3 жылда 12,4 млрд. теңгелік 8 жобаны ( «Ақ-Су Жабағылы» ОСК» ЖШС оңалту сауықтыру кешені, «ATABULAK» қысқы және жазғы олимпияда ойындарына спортшылар дайындау орталығы, «Tulkibas-Fishing & Resort» ЖШС қонақ үй және фарель балықтарын өсіру, «Түлкібас саясы» ЖШС қолданыстағы емдік сауықтыру орталығын кеңейту, Демалыс орны «ECO RESORT ARYS» қонақ үй, монша, ЖК «С.Жанбаева» балалар мен үлкендерге арналған демалыс аймағы, «Арасан» демалыс орны) сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске асқан жағдайда 228 жаңа жұмыс орындары ашылып, төсек-орын саны қосымша 673 бірлікке артады деп күтілуде.
Сонымен қатар, туризм саласын дамыту мақсатында аудан аумағынан 80,0 га жерге спорт, мәдени, емдік-сауықтыру рекреациялық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда рекреациялық аймақтың егжей-тегжейлі жобасы әзірленуде. Аймақта киіз үйлер қалашығын, коттеджді қалашықтар, қонақ үйлер, ойын-сауық орындары, жабық спорттық залдар, ашық спорт алаңдарын және тағы басқа нысандар орналастыру үшін жер телімдері ұсынылатын болады.
Айта кетейік, өңірімізде туризм саласын дамыту мақсатында көптеген шаралар қолға алынған. Оны соңғы бес жылда Түркістан облысының туризм саласына салынған инвестиция көлемінің 356 млрд. теңгеге жеткенінен де аңғаруға болады.