Сауран ауданында үш ауылда медициналық пунк салынбақ
Сауран ауданында 1 аудандық емхана, 1 бастапқы медициналық көмек көрсету орталығы, 13 дәрігерлік емхана (ВА), 13 фельдшерлік–акушерлік бекет, 4 медициналық бекет және 4 жедел жәрдем бригадасы жұмыс жасайды. Аудан орталығынан 500 келушіге арналған емхананың жаңа ғимаратының құрылысына және Шаға, Құшата, Жалаңтөс ауылдарынан фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттары рәсімделуде.
Ал, жалпы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл облыс көлемінде 49 медициналық пункттің құрылысы басталады деп күтілуде. Атап айтсақ, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 мединицалық пункт бой көтермек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, өңіріміздің медициналық қызметкерлермен қамтылуы республика деңгеймен салыстырғанда жоғары. Алайда, бүгінгі таңда 245 бейінді маманға тапшылық байқалуда. Осы мәселені шешу үшін биыл облыс есебінен бейінді мамандарды оқытуға, резидентураға 139 грантқа қаржы бөлу жоспарлануда.
Былтыр 712 дана құрылғы, оның ішінде 32 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 4 санаттағы 75 «Жедел жәрдем» автокөлігі және 716 компьютер берілді. Биыл медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 6 млрд. теңге қаржы қарастырылып отыр.