Түркістан қаласында жарамсыз болған 4 су ұңғымасы жөнделуде
Облыс орталығы Түркістан қаласында бірқатар нысанның құрылысы қолға алынған. Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды солардың бірқатарын аралап көрді.
Өңір басшысы алдымен Тәуке хан даңғылында орналасқан құрылыс алаңдарында болып, «Мәдениет үйі» ғимаратының құрылыс барысымен танысты. Аталмыш нысан құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, қалада қазіргі таңда «Сельмаг» су жинау ғимаратын қайта құру бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Жобаның құны – 1 651,8 млн теңге. Жобадағы 4 дана су ұңғымалары жарамсыз күйде екендігі анықталған. Осыған орай, арнайы мекемелер тарапынан барлау жұмыстары атқарылып, су қорын анықтап, 4 дана ұңғыма қазылды. Бүгінде су қоймасының бетон құю, электр жүйелерін қосу, кірпішін қалау, қоршау жұмыстары жүргізілуде. Осы жоба арқылы шаһардың жүздеген тұрғыны сапалы суға қол жеткізбек.
Киелі шаһарда Жастар ресурстық орталығының құрылысы да қарқынды. Жаңа ғимарат құрылысы маусым айында аяқталады деп жоспарланған. Жаңа нысанда демалыс аймағы, электронды кітапхана бөлмесі болады. 80 адамға арналған көпфункционалды зал мен заманауи тренажерлармен жабдықталған шағын спортзал, үйірмеге арналған залдар да қарастырылған.
Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігерлерге жұмысты адал, сапалы әрі уақтылы атқару жөнінде тапсырма берді. Сондай -ақ жастарға арналған орталықты қажетті құрылғылармен толық жабдықтауды жүктеді. Құрылыс жұмыстары бақылауда.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістанда 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтсақ, 12 қабатты 2 үй, 7 қабатты 2 үй. Аталған 4 тұрғын үйде барлығы 237 пәтер бар. Оның ішінде ипотекамен берілетін 201 пәтер «Отбасы банк» АҚ арқылы конкурс өткізіліп, нәтижесінде 76 пәтердің иелері анықталған.