Халықаралық әуежай жаңа бағытта дамитын болады
Түркістандағы халықаралық әуежайдың жұмысын жандандыру, жолаушылар ағымы мен рейстер санын көбейту бағытында жаңа жоспарлар әзірленді. Осыған орай өңір басшысы Дархан Сатыбалды аталған салаға жауапты басшыларды қабылдап, кеңес өткізді. Өңір басшысы әуежайды туризм саласымен үйлестіре отырып дамыту керектігін айтып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Кеңесте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «Turkistan International Airport» ЖШС-нің басқарушы директоры Ильяс Нұғымановтың есептері тыңдалып, жоспарлары ортаға салынды.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «YDA» компаниясы халықаралық әуежайдың құрылысын жүргізіп, 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап рейстер орындалуда. Жоба құны 73,1 млрд. теңгені құрайды.
Былтыр әуежайдың табысы 740 млн. теңгені құрады.
Қазіргі уақытта «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайы 3 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби) және 7 республикаішілік (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетуде.
2024 жылдың 15 наурызында «Түркістан – Самарқан» әуе бағытын ашу бойынша «Qazaq Air» әуе компаниясымен келіссөздер жүргізілуде, сондай-ақ, еліміздің Көкшетау және Үшарал (маусымдық) қалаларына әуе рейстерін ашу жоспарлануда.
«YDA» компаниясымен 2024 жылдың 1 наурызында мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарты аяқталады. Осыған байланысты әуежайды жаңаша бағытта дамыту бойынша облыс әкімі жол картасын бекітіп, жұмыс жүріп жатыр. Әуежайдың басқарушы органы етіп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын бекіту туралы облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды.