Жолдау жүктеген міндет: Сайрам ауданында медициналық инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»  атты Жолдауында: «Ұлт саулығын сақтау – мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Халық үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету – басты міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және жеке инвестиция тарту арқылы жүзеге асуы тиіс» – деп атап өтті. Осы міндеттерді іске асыру аясында Сайрам ауданында денсаулық сақтау саласында нақты жұмыстар қолға алынып, оң нәтижелер бере бастады.

Бүгінгі таңда аудан аумағында екі ірі медициналық мекеме – Орталық аудандық аурухана мен Қарабұлақ аудандық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа жалпы 6,4 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Атап айтқанда, Орталық аурухана ғимаратына 3,3 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталды, осы жылы ғана 314 млн теңге игерілді. Мердігер мекеме – «Каз Еврострой» ЖШС-і.

Ал, Қарабұлақ аудандық ауруханасына да баса назар аударылып отыр. Бұл нысандағы жөндеу жұмыстарына 3,1 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 2025 жылға 1,0 млрд теңге бөлініп, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Бұл жобаның мердігері – «Алтын Контракшн» ЖШС-і.

Мұндай ауқымды құрылыс пен күрделі жөндеу – тек ғимарат жаңарту емес, бұл – тұрғындарға сапалы әрі заманауи медициналық көмек көрсетуге арналған маңызды инфрақұрылым қалыптастыру. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқанындай, «Әр азамат өзі тұратын жерде сапалы медициналық қызмет алуы тиіс. Ауыл тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді болуы қажет» деген қағида бүгінде нақты істермен дәлелденуде.

Мемлекеттік саясаттың тағы бір маңызды бағыты – ауылдық елді мекендердегі алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру. Бұл бағытта «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сайрам ауданының үш бірдей ауылында, атап айтар болсақ Құтарыс, Ақбастау және Аққалада дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы сәтті аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Енді ауыл тұрғындары күрделі мәселелермен шалғайға сабылмай, өз ауылында медициналық көмек ала алады.

Бұл жобалар ауыл өмірінің сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Сонымен қатар, өңірлік теңсіздікті жою, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайту, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Президент өз сөзінде: «Медицина тек емдеу емес, ол – алдын алу. Сондықтан еліміздің әрбір өңірінде медициналық инфрақұрылым мен профилактикалық шаралар қатар жүруі керек» деп атап өткен болатын. Сайрам ауданындағы қазіргі өзгерістер осы бағытта нақты жүзеге асырылып жатқан игілікті істердің айғағы.

Алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласындағы жаңғыру жұмыстары жалғасын тауып, аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігі арта түсетініне сенім мол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *