Жолдау жүктеген міндет: Түлкібастағы білім беру жүйесіндегі инфрақұрылым мен кәсіби даму үйлесімі
Қазіргі таңда еліміздің білім беру саласы күрделі де жауапты кезеңге аяқ басты. XXI ғасырдағы жаһандық бәсекеге қабілетті болудың басты шарты – сапалы білім мен ғылымға негізделген ұрпақ тәрбиесі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында нақты айтып келеді. Мемлекет басшысы Жолдауында: «Орта білім сапасын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл салада мұғалімдердің біліктілігін көтеріп қана қоймай, инфрақұрылымды жетілдіру де аса маңызды» – деп атап өткен болатын.
Осы бағытта Түлкібас ауданының білім беру жүйесінде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жуырда Түлкібас аудандық білім бөлімінің басшысы Досжан Қыдырәлиевпен болған сұхбатта бұл туралы кеңінен әңгіме қозғалды. Оның айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары ерте көктемнен басталған. Білім саласындағы сапаның негізгі өлшемі – ұстаздардың кәсіби деңгейі. Бұл жөнінде Президент Қ.Тоқаев: «Мұғалім – мемлекеттің тірегі. Олардың еңбекақысы, әлеуметтік мәртебесі мен кәсіби дамуы – басты назарда» – деп айтқан болатын. Осы мақсатта Түлкібас ауданында 3259 мұғалімнің барлығы жоғары білімді, олардың ішінде педагогикалық шеберлік курстарынан өткендер, пәндік олимпиадаларда топ жарғандар мен үздік педагогтар да аз емес. Біліктілікті арттыру курстары, цифрлық сауаттылық бойынша тренингтер және жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша әдістемелік оқулар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Президент Жолдауында айтылған білім сапасын арттырудағы келесі маңызды бағыт – мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту. Түлкібас ауданында бұл бағытта да нақты жұмыстар атқарылуда. Аудандағы 62 мектептің материалдық-техникалық жағдайы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Атап айтқанда, Дауан ауылындағы орта мектепте 150 орындық қосымша оқу ғимаратының, Тастұмсық ауылында 600 орындық жекеменшік мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Т.Рысқұлов ауылы мен Састөбе кентінде жаңа мектептер салу жоспарланған. Бұл – аудандағы үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуге бағытталған нақты қадам. Қазіргі таңда бірнеше мектепте ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бірқатар мектептерде заманауи жабдықталған химия, физика, биология, робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Бұл кабинеттер оқушылардың теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекітуге, ғылымға деген қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы білім ошақтарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, оқу орындарында бейнебақылау жүйелерін орнату, мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету, турникет және FACE-ID жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті. Осы бағытта Түлкібас ауданы алдыңғы қатарда келеді. Бүгінде аудан мектептерінің барлығы дерлік дабыл батырмаларымен, бейнебақылау камераларымен қамтылған. Олар полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.
14 мектепте мамандандырылған күзет қызметі, бір мектепте FACE-ID жүйесімен жабдықталған турникет орнатылған. Досжан Қыдырәлиевтің айтуынша, тек аудан орталығындағы емес, ауылдық мектептерде де айтарлықтай жетістіктер бар. Мәселен, М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясы Қазақстан бойынша «100 үздік мектеп» қатарына енген. Бұл – білім саласындағы жүйелі жұмыстың, педагогтардың адал еңбегінің және оқушылардың табандылығының көрінісі.
Сапалы білім – ел болашағының кепілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, нақты міндеттерді айқындауы – бұл бағыттағы жұмыстардың басымдылығын көрсетеді.
Түлкібас ауданындағы білім беру жүйесі осы мемлекеттік саясатпен үндесіп, заман талабына сай дамып келеді. Ұстазы білікті, мектебі жаңа, оқушысы талапты ел – болашағы жарқын мемлекет. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтар. Ендеше, Түлкібастың білім саласына салынған әрбір инвестиция – Қазақстанның кемел келешегіне жасалған салмақты қадам.
