Қазаққа келін болған татар қызы Фарида

Сайрам ауданы өңіріміздегі көпұлтты аудандардың бірі болып табылады. Бүгінде мұнда 40-қа жуық ұлт пен ұлыс тату-тәтті тіршілік кешіп, ынтымағы ұйыған еліміздің берекесін келтіріп отыр. Солардың бірі – татар ұлтының өкілі Фарида Гибадулина.

Фарида Губадулина 1964 жылы Сайрам ауданында дүниеге келген. Бүгінде ол аудандағы татар-башқұрт этномәдени орталығының төрайымы қызметін абыроймен атқарып келеді. Бір қызығы,  Өзі өте талантты жан. Фариданың жан -жақтылығына қарап, Жаратқанның бір адамның бойына осынша талантты жиып беріп қойғанына сүйсінесің рас. Қазақ жерінде туылып, қазақ жігітіне тұрмысқа шығып,  ұрпағын өрбіткен Фариданың мамандығы агроном, яки егін шаруашылығы саласы. Осы салада талай жыл тер төккен Фарида  бүгінде Сайрам ауданынан шығатын «Исфиджаб» ЖШС-не қарасты «Пульс Сайрама» газетінің редакторы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.  Жан-жақтылығы, туа бітті таланттылығы шығар, бір-бірімен мүлдем қиыспайтын салаларда жұмыс істеп, оны әрі қарай алып кету екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Жастайынан өлең, әр түрлі жанрдағы мақалалар жазып, журналистикаға бет бұрған Фарида бұл салаға келгенде аса бір қиындық болмағанын айтады.

Фарида Гибадулина тек қана агроном, ақын, жазушы ғана емес, он саусағынан өнер тамған өнерлі жан. Қолы қалт еткенде газет қиындыларынан әр түрлі қолөнер бұйымдарын жасап, керексіз дүниенің өзінен әдемі дүние жасап шығарады. Әдемі гүлдер мен корзиналар, конфет қағаздарынан қолға тағатын брослеттер, шашқа тағатын заколкалар дейсіз бе айта берсең өте көп. Өз жұмысынан артылып, уақытын тиімді пайдаланып, еңбек етуден жалықпайтын Фарида тігін тігудің де қас шебері. Әдемі көйлектер мен көздің жауын алатын перделер тігіп, талайдың сәнін келтіріп алғысына бөленіп жүрген ізгі жан. Өзі әйел заты бола тұра ағаштан да әр түрлі стол, орындық, кішігірім тумбочка сияқты үй жиһаздарын да жасай береді.

Пай, пай, пай, бәрінен бұрын Фариданың дәмді тағамдары мен дәмі аузыңнан кетпейтін торттарын,  тәтті бәліштерін айтсаңшы. Фарида апайдың қолынан бір рет дәм тәтқан адам, екінші рет те дәметіп тұратынын қайтерсің?

Бәрін айтып,  бірін ұмытып кетіппін ғой. Фарида Гибадулина ән салғанда анау-мынау әншілеріңді жолда қалдырады-ау.  Құдай берген талантты жасыру қиын.   Өз ортамызда ән салып жүрген Фариданың дауысы үлкен сахнаға лайық.  Қазақтың дәстүрлі әндері мен вальс королі Шәмшінің әндерін әуелете орындағанда талантына бас иесің рас.

Фарида Гибадулина татар тілінен бөлек қазақ,  орыс,  өзбек,  түрік тілдерін жетік меңгерген жан. Осы тілдегі мәтіндерді орыс тіліне аударып,   қосымша аударма ісімен айналысып жүр.

Мен Қазақстанда туғаныма мақтанамын!  -деп әр күніне шүкіршілік етіп отыратын Фарида әр мереке сайын,  әлеуметтік желі арқылы татар-башқұрт этномәдени орталығының атынан алғысын жаудырып келеді.

Айта кетейік, бүгінде Сайрамда қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан,  тәжік, татар, түрік, кәріс, украин, күрді, неміс, ұйғыр, шешен, қырғыз ұлтының өкілдері тұрады. Олар қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына, құндылықтарына құрметпен қарайды. Татулығы мен ынтымағына, сыйластығына сызат түскен емес. Әрқашан да бір-бірімен берік қарым-қатынас орнатып, бейбіт еліміздің берекесін айрандай ұйытып отыр. Мұның бәрі әрине мемлекетімізде жүргізіліп жатқан сарабдал саясаттың жемісі екенін білдіреді. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері түрлі салаларда еңбек етіп келеді. Бірі огроном, екіншісі машинист, үшіншісі экономист… тізбек осылай жалғасып кете береді. Мәселен, кейіпкеріміз Фарида апай газеттің редакторы. Олардың бәрі де Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, дамуына өз үлестерін қосуда.

С. ҚЫРҒЫЗӘЛІ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *