Жолдау жүктеген міндет: Кентаудағы жас робототехниктер – еліміздің жарқын болашағы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет өзінің бағдарламалық мақалаларында ұлттық экономиканың жаңа технологиялар мен IT саласындағы дамуына ерекше көңіл бөлудің қажеттігін атап өтті. Ел болашағы – білімді және жаңашыл жастардың қолында екенін баса айтқан Президенттің бұл ұстанымы, әсіресе, цифрлық дәуірдің талаптарына сай келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Кентау қаласындағы робототехникаға деген жастардың қызығушылығы мен олардың жетістіктері еліміздің болашағы үшін үлкен үміт сыйлайды.

Соңғы жылдары Кентау қаласында робототехникаға қызығатын балалардың саны күрт өсті. Мектептер мен арнайы оқу орталықтарында жас дарындар техникалық және бағдарламалық білімдерін жетілдіруде. Бұл үрдіс, бір жағынан, еліміздегі IT және инженерлік салаларды дамытуға септігін тигізеді. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан Roboмектеп оқу орталығының басшысы Алмас Ташимовтың айтуынша, орталықтың басты мақсаты – өскелең ұрпақты IT бағытында кәсіби түрде тәрбиелеу, жас бағдарламашылар мен инженерлердің ортасын қалыптастыру. Алмас Ташимовтың жетекшілігімен екі жыл ішінде орталықта 50-ден астам оқушы робототехника саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Олар халықаралық және республикалық жарыстарда үздік нәтижелерге жетіп, ел намысын абыроймен қорғауда. Мысалы, «Robotek grand tournament – 2025» халықаралық жарысының қалалық кезеңінде оқушылардың бірнеше жүлделі орын алуы, сондай-ақ, «FIRST LEGO League Challenge» санатында RoboKent командасының чемпион атанып, Азия ойындарына жолдама ұтып алуы – бұл саладағы таланттардың айқын дәлелі.

Бұл жетістіктер, сөзсіз, Қ.Тоқаевтың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған мемлекеттік қолдау мен стратегиялық мақсаттардың нәтижесі. Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде IT және робототехника салаларын дамыту арқылы жастарды жаңа технологияларға баулу, экономиканың технологиялық тұрғыдан жаңғыруына ықпал ету маңызды міндеттер қатарында. Кентау қаласындағы бұл үрдіс – осындай мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі. Бас бапкер Алмас Ташимовтың айтуынша, алдағы уақытта орталықта балаларға өндіріс роботтарын құрастырудың күрделі бағдарламаларын үйрету, сондай-ақ дрондармен жұмыс істеу бағыттарын дамыту жоспарланып отыр. Бұл да Президенттің ауыл шаруашылығын, әскери және пошта қызметін автоматтандыруға арналған технологиялық шешімдерді енгізу туралы тапсырмаларына сай келеді. Яғни, жас мамандар осындай жобаларды жүзеге асыра отырып, еліміздің экономикалық тиімділігін арттыруға өз үлестерін қосады.

Орталықтағы білім беру процесі тек техникалық біліммен шектелмей, балалардың логикалық ойлауын, инженерлік шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған. Бұл өз кезегінде олардың нақты өндірістік жобаларға қатысуына, инновациялық идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Президент Тоқаевтың сөзіндей, «Жасампаздық пен жаңалыққа ұмтылу – ел дамуының негізгі факторы». Кентау қаласындағы бұл жастардың белсенділігі – Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытудағы нақты үлгі. Roboмектеп оқушыларының халықаралық аренада таныла бастауы – тек жеке жетістік қана емес, сонымен бірге еліміздің технологиялық даму деңгейінің көрсеткіші. Болашақта осы бағыттағы жұмыстар кеңейіп, жас инженерлер мен бағдарламашылардың саны арта берері сөзсіз.

Ееліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағыттары мен Кентаудағы жас робототехниктердің қажырлы еңбегі – Қазақстанның технологиялық және экономикалық дамуының басты кепілі. Жастарды IT саласына баулу, оларды үздік мамандар ретінде қалыптастыру – бұл тек бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі күннің де жарқын бейнесі. Сондықтан да Roboмектеп сияқты орталықтардың жұмысы мемлекет тарапынан одан әрі қолдау тауып, жастардың шығармашылығын дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Осылайша, Кентау өңірі жас техниктер мен IT мамандарын тәрбиелеуде көшбасшы болып табылады. Бұл тәжірибе басқа қалалар мен өңірлер үшін үлгі бола алады. Елдің цифрлық трансформациясын жеделдетуде осындай бастамалардың маңызы зор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *