Президент тапсырмасы: Сауранда «Келешек мектептері» жобасы аясында 300 орындық мектеп ашылды
Білім күні Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 8 жаңа мектеп шәкірттерге өз есігін айқара ашты. Атап айтқанда, Төлеби ауданының Достық ауылында 900 орынды, Сайрам ауданының Ақсу ауылында 600 орынды жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Шардара, Сауран, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласында да жаңа білім ошақтары шәкірттерді қабылдады.
Айта кетейік. жаңа мектептер заман талабына сай толық жабдықталған. Жалпы аумағы 3 гектарды қамтитын үш қабатты нысандарда 120 орынды акт залы, заманауи шеберханалар, үлкен кітапхана, асхана, спорт залы, медициналық кабинет және бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Мұғалімдер үшін де барлық жағдай жасалған: әдістемелік кабинеттер, демалыс аймақтары және цифрлық құралдармен жабдықталған жұмыс бөлмелері қолжетімді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Сауран ауданында 300 орынға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сұлтанбек Қожанов атындағы жалпы білім беретін мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
«Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 48 мыңнан астам оқушы қабылданды. Жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын балалардың көбеюі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сауран ауданында 3 Келешек мектеп іске қосылуда. Бұл аудан терең тарихымен, еңбекқор халқымен ерекшеленеді. Сондықтан да мұндағы әрбір игі бастама ел рухын көтеріп, жас ұрпаққа тағылым берері анық. Ұлт қайраткері Сұлтанбек Қожанов атындағы 300 орындық жаңа білім ұясының ашылуы Үшқайық, Жалаңтөс, Теке ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Балаларымыздың болашағына жасалған қолдау», – деп атап өтті Нұралхан Көшеров.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында білім саласының стратегиялық маңыздылығына бірнеше рет тоқталып, сапалы білім – ел болашағының кепілі екенін атап көрсеткен болатын. «Білім беру жүйесін дамыту – бұл ұлт болашағына салынған инвестиция. Біз жаңа мектептер салуға, ұстаздардың жағдайын жақсартуға және ауыл мен қала арасындағы білім сапасын теңестіруге баса мән беруіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы бастамалар негізінде өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде облыста 29 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Өткен оқу жылында оның 13-і пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында тағы 16 мектептің есігі ашылады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Сұлтанбек Қожанов атындағы жаңа мектеп екі қабатты, жалпы ауданы 2 гектарды құрайды. Мұнда сапалы білім алуға және мұғалімдердің тиімді еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Мектепте 115 орындық акт залы, шеберхана, асхана, кітапхана, спорт залы, медициналық пункт бар. Барлық аумақ бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Құрылыс жұмыстарын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен «Ныш-Ер» ЖШС-і жүргізген.
Жалпы жаңа білім ұясының ашылуы Үшқайық, Жалаңтөс, Теке ауылдары тұрғындары үшін үлкен қуаныш болып отыр. Білімді ұрпақ – кемел келешек кепілі. Ал, мұндай заманауи мектептер сол келешектің берік іргетасы екені сөзсіз.
