70-тен асқан апа «Джип» жүргізеді
70 жастың жотасынан асып отырса да анау-мынау жігіттерден ширақ көрінетін Зерекүл Сапарова апамыздың сүйегі асыл екен-ау. Ширақтығы сол «Джип» көлігін ұршықтай иіріп, заулатып жүргізеді. Апамыздың әбжілдігіне, батылдығына сүйсінесің. Үлкен бір әулеттің шамшырағына айналып отырған Зерекүл апа шаруашылықты да жүргізеді, ағайын-туғанның ортасында басшылық та жасайды. Қажет кезінде кесіп айтатын көсемсөздігіне тоқтамайтын адам жоқ.
Зерекүл апа туралы әңгіме қозғағанда әкесі Әкімхан ақсақалға тоқтамай өтпейміз. Қоссейіт ауылында ғұмыр кешіп, арғы-бергі атырапқа сынықшылық қасиетімен кеңінен танымал болған Әкімхан ата 90 жастан асып барып дүние салды. Ұзақ жасауының сырын көпшіліктің батасы мен алғысын көп алғанның арқасы деп айтып отыратын көрінеді.
–Әкем Әкімхан мен анам Зейнераптан 3 ұл, 4 қыз өсіп-өрбідік. Әкем жарықтық жастайынан-ақ қасиет қонған адам болды. Күл-талқаны шығып кеткен небір сынықтарды орын-орнына келтіріп, аяққа тұрғызып беретініне талай куә болдық. Сонымен бірге тамыр ұстап, басқа да ауруларға ем-дом жасай беруші еді. Бір өзі хирургтің де, терапевтің де міндетін атқарып, жандарына дауа іздеп келгендердің алғыстарын алып жататын. Жазымға ұшырап, әкемнің алдына келетін адамдарда есеп жоқ. Бір ғана мысал келтірейін. Қызылқұм кеңшарында бір жас келіншек жол апатына ұшырап, белден төмен жағының тас-талқаны шығып келді. Апаттың ауыр болғаны соншалық бейшара келіншектің сау-тамтығы қалмаған. Жамбас та қираған, аяқ та қираған. Ұлы сөзде ұят жоқ, тіпті әйелдік мүшесі де қатты зақымға ұшырап, мүлдем жарамай кеткен екен. Сол сынықтарды әкем асықпай отырып орнына келтірді. Өзі де қатты қиналды. Туған-туыстары күдер үзіп қойған жас келіншекті адам қатарына қосып берді. Кейіннен сол әйел бала сүю бақытына да ие болды. Бұл әкем емдеген ең ауыр сырқаттың бірі еді. Әкемдей сынықшы болуды біздердің маңдайға жазбапты. Бүгінде бір немересінің бойында сынықшылық қасиет аздап бар, — дейді Зерекүл Әкімханқызы.
Бір қызығы Зерекүл апамыз 5 сыныптан артық оқымапты. Жастайынан ауылдағы қара жұмыстың бәріне ысылып үйренген апамыз әке-шешесіне қолқанат болған. Әкесімен және бауырларымен бірге қамыс орып, маты буатын кездерінр ұмытпайды. Алайда, 5 сыныптық білімі болса да есеп-қысапқа, әдебиет пен тарихқа жүйрік болды. 17 жасында Алтай Сапаров есімді азаматқа тұрмысқа шығады.
–Тағдырдың жазғаны сол екен, жастай тұрмысқа шығып кеттім. Жолдасым екеуіміз дүкенде сатушы болып еңбек еттік. Қала мен совхоздардағы бірнеше сауда орындарында жұмыс істедік. Гастроном деп атаушы едік қой, сол үлкен-үлкен сауда орындарында халыққа қызмет көрсеттік. Есеп-қысапқа о бастан зерек болғанымның арқасында жұмысымды жақсы атқардым. Жоспарды асыра орындап, түрлі марапаттарды иеленіп отырдық. Есептен кем шығу, саудадан сүріну деген болған жоқ. Кейбір дипломы бар, оқыған деген сауда қызметкерлері ревизия кезінде кемістікті толтыра алмай, тіпті істі болып кетіп жатқан кездері болды. Бізде, құдайға шүкір ондай абыройсыздық болған емес, — деп өткен күндерін еске алады Зерекүл апамыз.
Кеңестік жүйе ыдырап, ел жаппай базар жағалап кеткен кезде Сапаровтар отбасы абыржи қойған жоқ. Нарыққа тез бейімделіп, орталық базардан өз алдарына сауда нүктесін ашып алды. Түрлі-түсті теледидар деген таңсық болып, енді шығып жатқан кезде, бұл кісілердің дүкенінде неше атасы толып тұратын. Тіпті, бір күнде 40-50 теледидар сатқан күндер болды.
Зерекүл апамыз 3 ұл мен 2 қызды дүниеге әкелді. Нұрлан мен Бауыржан есімді ұлдары кеден саласында қызмет атқарса, Бақытжаны жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Бір қызы сәби кезінде шетінеп кетті. Қарлығаш есімді қызы тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып еді, жазмыштан озмыш жоқ деген, бірер жыл алдын бақилық болды.
Ұл-қыздар жетіліп, өз алдарына үйлі-баранды болып кеткен соң, сауданы біржола тоқтатты. Қызылқұм ауылынан «Бауыржан» шаруа қожалығын ашып, бірыңғай егін егумен айналысып кетті. Зерекүл апамыздың темір тұлпардың құлағын ұстайтыны да сол кез.
–Жолдасым өмірден өтіп кеткен соң, егіс басына барып-келу жүдә тәшпішке айналды. Балалардың қолдары босай қоймайды. Содан, қой, ешкімге жалынбаған адам едім, тәуекел, дедім де «Гольф» көлігін сатып алдым. Тез арада жүргізіп, куәлік алып та үлгердім. Ол кезде жасым 60-қа келіп қалған еді. Аудан орталығы мен Қызылқұмның арасына жүре берген соң бесаспап жүргізуші болып шыға келдім. Осы жақында ғой бала-шағам «Джип» деген мәшинені сыйға тартқандары. Құдай деп өмір сүрген адам едік, Алланың ақ жолынан таймай тура жүруді, біреудің ала жібін аттамауды ұрпағыма аманаттап отырудан жалыққан емеспін, — дейді Зерекүл апа.