Қалима — наубайхана ашып, табысқа кенелді
Кейіпкеріміз Қалима Мақсұтова Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында тұрады. Ол 23 жылдан бері нан пісіріп сатады. Арнайы үлкен бірнеше пеші бар. Оның наубайханадан жаңа шыққан ыстық нандарын тұрғындар сүйсініп жейді. Айта кетейік, бұл кәсіпті алғашқыда Қалима жолдасы екеуі ашқан болатын. Өмір бар жерде өлім де бар демекші, жолдасы өмірден өткеннен кейін кәсіпті ары қарай алып жүру, дөңгелету міндеті Қалиманың өзіне қалды. Міне, содан бері Қалима осы кәсіп арқылы нәпақасын тауып, екі ұлы мен екі қызын өсіріп, жетілдіріп келеді. Бүгінде екі қызы тұрмыста. Үлкен ұлы Алматы облысы Қонаев қаласында Отан алдындағы борышын өтеуде. Ал, ең кенже ұлы биыл 9 сыныпты бітіріп, Шаян ауылындағы №9 колледжге автоэлектрик мамандығы бойынша оқуға түсті.
— Жолдасым екеуміз Бәйдібек ауданы Шаян ауылындағы М. Әуезов атындағы мектепті бірге оқып, бітіргенбіз. Мектепті бітіргеннен кейін мен Жезқазған қаласындағы педагогтерді даярлайтын институтқа оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп шықтым. Жолдасым екеуміз тұрмыс құрғаннан кейін Отырар ауданы Шәуілдір ауылында тұрдық. Мен мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Кейіннен оның жұмыс бабымен Ордабасы ауданы Темірлан ауылына көшіп келдік. Сонда бір байқағаным нанның түр-түрі сатылады. Темірлан ауылы Шымкентке жақын орналасқан ғой. Сол жақтан да келетін нандар көп еді. Содан бір күні жолдасыма «Екеуміз Шаянға барып, нан пісіріп сатайық. Шаянда мұндай нандар жоқ» деп ой тастадым. Ол кезде декреттік демалыста болатынмын. Содан көп ұзамай Шаянға келіп, идеямызды іске асыруға кірісіп кеттік. Міне, содан бері 23 жыл өтіпті. Шүкір, осы кәсіптің арқасында балаларымызды оқытып, жетілдіріп отырмын, — дейді Қалима Мақсұтова.
Қазіргі таңда Қалима апай күніне 2- қап ұннан нан жабады. Әзірге жұмысшылары жоқ. «Түске дейін нан жабамын. Түстен кейін самса пісіремін», — дейді кәсіпкер.
Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты. Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр. Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда.