Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселе: Рухани жаңғырудың темірқазығы – кітапхана

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлт ретінде жойылып кетпей, керісінше өзіміздің рухани болмысымызды, тілімізді, әдебиетімізді, төл мәдениетімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау. Бұл ретте кітапханалар – тек кітап сақтау орны ғана емес, сананы жаңғыртатын, рухани кемелденуге жол ашатын, ұрпақ тәрбиесінің іргетасы саналатын маңызды мәдени ошақтардың бірі. Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі осы бағытта елеулі жұмыс атқарып келеді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы бастамаларымен тығыз байланысты.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ-нің директоры Қамар Кенжебаеваның айтуынша, қазіргі таңда орталықта 437 092 дана кітап қоры бар. Бұл – бір аудан үшін үлкен көрсеткіш. Сонымен қатар, жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа кітаптармен, мерзімді басылымдармен толықтырылып отыруы – руханиятқа деген құрметтің белгісі. Заманауи талаптарға сай, 98 065 кітап РАБИС бағдарламасының «Каталогизатор» модулі арқылы электронды базаға енгізілген. Бұл – оқырмандардың іздеген кітабын жылдам әрі оңай табуына мүмкіндік береді, уақыт үнемдейді, кітапхана қызметін цифрландырудың нақты көрінісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақалаларында елдің болашағы – білімді, көзі ашық, рухани бай ұрпақ тәрбиелеу екенін жазып жүр. Оның «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Абай – рухани реформатор» атты мақалаларында ұлттық рухты оятатын негізгі бағыттардың бірі – кітап оқу мәдениетін дамыту екендігі баса айтылған. Сондай-ақ, Ұлттық құрылтай алаңында Мемлекет басшысы ұлттық болмысты сақтау, мәдени мұраны дәріптеу, жастарды рухани дүниемен тәрбиелеу секілді өзекті мәселелерді көтерді. Бұл орайда кітапхана – осы бастамаларды жүзеге асырушы басты институттардың бірі.

Түлкібас кітапханалары оқырмандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру ісін жүйелі түрде жолға қойған. 2025 жылдың басынан бері ұйымдастырылған іс-шаралар бұқараны тек ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық болмыс пен рухани байлыққа жетелейтін алаңға айналып отыр. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау мақсатында ақпараттық сағаттар, жедел шолулар ұйымдастырылып, азаматтардың саяси сауаттылығы мен ел болашағына деген жауапкершілік сезімін нығайту көзделді. Қазақ әдебиетінің классиктері мен өңір қаламгерлеріне арналған кештер де жиі өтеді.

Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанда кітап оқитын ұлт қалыптастыру – стратегиялық міндет» деген пікірі жастар арасында кітап оқуды жандандырудың маңызын айқындайды. Осы бағытта Түлкібас аудандық кітапханасы «Жастар жырлайды», «Менің мекенім – Түлкібас», «Оқитын ұжым», «Жігітке жеті өнер де аз», «Кітаппен бірге өсеміз» сияқты жобаларды жүзеге асырып отыр. Ауыл мен аудан деңгейінде жұмыс істейтін «Қаламгер», «Жас эколог», «Ата мұра», «Мәңгі өлмес жырымен із қалдырған», «Ата салты», «Табиғатты сүю», «Сырласу», «Алқа» клубтары –ұлттық тәрбие тақырыптарында тұрақты жұмыс жүргізетін алаңға айналған.

Ұлттық құрылтайда Президент елдік сана мен тарихи жадыны сақтау үшін тұлғаларды ұлықтау, жергілікті тарихты дәріптеу қажет екенін атап өткен болатын. Осыған орай, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған «Таупістелі тағылымы» жобасы аясында Пістелі ауылында кең ауқымды шара өтті. Бұл – кітапхана мен жергілікті мәдениет мекемелерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ, облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының бастамасымен қолға алынған «Жаңа форматтағы кітапханалар. Жаңашыл кітапханашылар» атты алғашқы кітапханашылар слетінің Түлкібаста өтуі – аудан кітапханашыларының белсенділігін көрсетеді.

Бүгінгі кітапхана – кешегі архив қоймасы емес. Ол – рухани жаңғырудың темірқазығы, ұлттық болмыстың айнасы, мәдени серпілістің қозғаушы күші. Президенттің  Ұлттық құрылтай бастамаларының аясында жұмыс істеп отырған Түлкібас аудандық кітапханалар жүйесі – осы сөздердің жарқын дәлелі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *