Сайрамдағы білім саласында жаңару жүріп жатыр

Түркістан облысында білім беру саласы жүйелі түрде жаңарып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Білім беру – ұлт болашағының негізі. Әрбір бала қай өңірде, қандай елдімекенде тұрса да, сапалы білім алуға тең қолжетімділікке ие болуы керек» деген ұстанымы бүгінде нақты іске айналып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістан өңірінде, оның ішінде Сайрам ауданында да кең көлемде жүргізілуде.

Облыс бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде олардың 13-і пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 16 жаңа мектептің құрылысы аяқталмақ. Жоба шеңберінде ғимарат салумен қатар, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, пән кабинеттерін қазіргі заман талаптарына сай жабдықтау, бейнебақылау мен қауіпсіздік жүйелерін орнату сияқты кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұл оқушылардың сапалы білім алуына ғана емес, қауіпсіз әрі жайлы ортада дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Білім ошақтарын жаңғырту ісі де ерекше қарқынмен қолға алынған. 2025–2027 жылдар аралығында облыстағы 115 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 41 білім ұясы жаңғыртудан өтеді. Оның ішінде 15 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілсе, 26 мектепке күрделі жөндеу жасалмақ. Бұл әсіресе шалғай ауылдардағы, тозығы жеткен мектептер үшін үлкен мүмкіндік саналады. Жөндеу жұмыстары барысында мектеп асханалары, кітапханалар, спорт залдары мен пән кабинеттері жаңартылып, заманауи жиһаздар мен цифрлық құрал-жабдықтармен қамтылуда.

Сапалы білімді әр балаға қолжетімді ету мақсатында облыста «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жоюды көздейтін бұл бастама бүгінде нақты нәтиже бере бастады. Облыста 27 тірек мектеп пен 147 шағын жинақты мектеп бар. Жоба аясында тірек мектептерге бірнеше шағын мектеп бекітіліп, оқу мазмұны мен әдістемелік тәжірибе алмасу жолға қойылған.

Білім саласының ажырамас бөлігі – мектеп кітапханалары да жаңғыруда. Облыс мектептерін қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етуге жыл сайын 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. 70-ке жуық Coworking орталықтары, кітапханашылар клубтары мен оқырман жобалары іске қосылып, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығы артып келеді. Қазіргі таңда мектеп оқушылары арасындағы оқырмандар үлесі 80 пайызға жеткені – соның дәлелі.

Сайрам ауданы да бұл бағыттардан тыс қалып отырған жоқ. Ағымдағы жылы үш мектеп – №3 Хамза, №89 Қайнарбұлақ және Айша бибі жалпы білім беретін мектептері ағымдағы жөндеуден өтуде. Ауданда 2024–2025 жаңа оқу жылында 204 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 74 мемлекеттік және 24 жекеменшік мектеп, сондай-ақ 11 мемлекеттік, 92 жекеменшік балабақша мен үш қосымша білім беру мекемесі, бір мектеп-интернат бар. Бұл көрсеткіштер ауданның білім саласындағы даму әлеуетінің жоғары екенін аңғартады.

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда 74 мемлекеттік мектептің 59-ы көгілдір отынмен қамтылған, қалған 15 мектеп қатты отынмен жылытылады. Ал 11 мемлекеттік балабақшаның 7-еуі газбен, 4-еуі қатты отынмен жылытылады. Барлық білім беру мекемелері ауыз сумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етілген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *