Қазақстанда көп деңгейлі сот төрелігі қағидаттары күшейтілді
1 шілдеден бастап Қазақстанда өңіраралық мәртебесі бар кассациялық соттар өз жұмысын бастайды. ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжановтың айтуынша, бұл – еліміздің сот жүйесін реформалаудағы маңызды кезең. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған шешім сот төрелігі қағидаттарын жетілдіру, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру бойынша елдің саяси ерік-жігерін көрсетеді. Бұл туралы спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Кассациялық соттардың құрылуы Жоғарғы Сот рөлінің өзгеруіне тікелей байланысты. Бұрын Жоғарғы Сот заңды күшіне енген шешімдерді қайта қараудың негізгі сатысы болған. Енді ол сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге назар аударады және істерді тек ерекше жағдайларда ғана қарайды. Яғни, Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы немесе Бас Прокурордың наразылығы бойынша. Кассациялық соттардың негізгі рөлі сот актілері заңды күшіне енген істерді қайта қарау болып табылады. Мәселен, әр кезең ықтимал сот қателіктерін анықтауға және түзетуге бағытталған көп деңгейлі сот төрелігі қағидаттары күшейтіледі», – деді Ерлан Айтжанов.