Келестегі Ынтымақ ауылы таза ауыз сумен қамтылуда

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында елдің су қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударып келеді. Президент: «Су ресурстары – ұлттық байлығымыз. Олармен ұқыпты әрі тиімді жұмыс жүргізілуі тиіс. Су үнемдеу технологиясын енгізу, ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің стратегиялық міндеті», – деген болатын. Осы тапсырмаларға сәйкес Түркістан облысында су ресурстарын басқару саясаты жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Соның бір айғағы – Келес ауданына қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі инфрақұрылымдық жобалар.

2025 жылдың шілде айында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ынтымақ ауылының тұрғындарымен кездесіп, жергілікті халық көтерген өзекті мәселелерді тыңдады. Ауыз су, ағын су, жайылым және жол мәселелері бойынша нақты ұсыныстар беріліп, әкім тарапынан тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктелді. Нәтижесінде, ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды.

Жобаның аясында терең ұңғымалар қазылып, көтерілімді насос станциялары, су қоймасы мен мұнарасы, тұндырғыштар орнатылды және ауыл ішілік су құбырлары тартылды. Бұл – Ынтымақ ауылын толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосуды қамтамасыз етті. Дегенмен, ұңғымадан алынған судың сапасына қатысты кейбір техникалық мәселелер туындап, құм аралас су шығуы байқалды. Осыған байланысты сүзгілер жиі ауыстырылып, қосымша тұндырғыш орнатуға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Мердігер мекемеге анықталған ақауларды қалпына келтіру бойынша ескерту берілді.

Ынтымақта қолға алынған бұл шаралар Түркістан облысы бойынша жүзеге асып жатқан су ресурстарын тиімді басқару саясатының нақты көрінісі. Аталған жұмыстар 2021–2025 жылдарға арналған «Су ресурстарын басқарудың ұлттық бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында су инфрақұрылымдарын жаңғырту, үнемдеу технологияларын енгізу, ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамту көзделген.

Келес ауданына қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі ауыз су жобасы – Түркістан облысындағы су ресурстарын басқару саясатының сәтті үлгісі. Бұл – мемлекеттің жүйелі бағдарламасы, жергілікті биліктің іскерлігі және тұрғындардың белсенділігінің нәтижесі. Келешекте бұл тәжірибе өзге ауылдар үшін де үлгі болатыны сөзсіз. Өйткені су – өмірдің негізі. Оны қорғау, үнемдеу және әділ бөлу – баршамыздың ортақ борышымыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *