Шардарада медициналық қызметтің қолжетімділігі артты
Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды салалардың бірі – қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл бағытта елімізде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында денсаулық сақтау саласын дамытуды – стратегиялық басым бағыттардың қатарына қосып, әрбір азаматтың медициналық қызметке тең қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет екенін атап көрсеткен болатын. Президент: «Медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі – басты басымдық. Ауыл тұрғындары үшін медициналық инфрақұрылым мен алғашқы көмектің сапасы өмір сапасына тікелей әсер етеді», – деп ерекше екпін қойған.
Осы басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде бірқатар нақты жобалар қолға алынған. Солардың бірі ретінде Шардара ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту, тозығы жеткен медициналық нысандарды жаңарту бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын айтуға болады.
Қазіргі таңда мұнда Алатау батыр ауылдық округінде орналасқан «Қазақстан» бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Аталған медициналық мекеме 1980 жылы типтік жобамен салынған және қазіргі таңда «Шардара аудандық орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының құрамында жұмыс істейді. Уақыт өте келе ғимараттың материалдық-техникалық жағдайы ескіріп, күрделі жөндеу қажеттілігі туындаған болатын. Бұл мәселе жергілікті билік назарынан тыс қалмады.
Биыл жыл басында нысанға күрделі жөндеу жүргізу мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, нәтижесінде «Trendim KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз деп танылды. Тиісті келісімшарт жасалып, жөндеу жұмыстары наурыз айында бастау алған болатын.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, бүгінде жөндеу жұмыстарының 95 пайызы аяқталуға жақын. Жақында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев арнайы жұмыс сапарымен Алатау батыр ауылына барып, медициналық мекемедегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып қайтты. Сапар барысында аудан басшысы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасына оң бағасын беріп, мердігер мекемеге және тиісті бөлім басшыларына қалған жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жөндеу жұмыстары аясында нысанның шатыры жаңартылып, ішкі инженерлік жүйелер (су, жарық, жылу) толықтай ауыстырылып, еден, есік-терезелер жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға, қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жалпы Шардара ауданында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басымдықтарды орындау бағытында жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Медициналық нысандарды жаңарту, жаңа заманауи құралдармен жабдықтау, шалғайда орналасқан ауылдардағы медициналық көмекті күшейту секілді мәселелер – бұл бүгінгі күннің басты міндеті. Осы тұрғыдан алғанда Алатау батыр ауылындағы бұл жобаның жүзеге асырылуы Мемлекет басшысының халық денсаулығын қорғау бағытындағы тапсырмаларының жергілікті деңгейде нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта бұл орталықтың ауыл тұрғындарына жаңа сападағы медициналық қызмет ұсынып, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосатыны сөзсіз.