Президент тапсырмасы: Бәйдібек ауданында балалар игілігі үшін жаңа нысан ашылды
Бәйдібек ауданында балалар мен жасөспірімдердің тұлғалық дамуына, олардың қауіпсіздігі мен жайлы демалуына бағытталған маңызды әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл игілікті істер Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балалар – болашағымыз. Олардың амандығы мен бақытты өмір сүруі – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деген тұжырымдамалық ұстанымының нақты көрінісі. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай облыста өскелең ұрпаққа жан-жақты жағдай жасауға бағытталған шаралар барлық аймақтарда қарқын алып жатыр. Соның ішінде Бәйдібек ауданында балаларға арналған инфрақұрылымды жаңғырту мен әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру бағытында бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда.
Сол жобалардың бірі ретінде «Тау шыңы» балалар жазғы демалыс лагеріндегі жаңа үлгідегі жатақхана ғимаратының ашылуын айтуға болады. Бәйдібек аудандық білім бөлімінің «Балалар өнер мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты бұл лагерь жыл сайын мыңдаған баланың демалуына, жаңа достар тауып, шығармашылығын дамытуына және табиғат аясында пайдалы уақыт өткізуіне мүмкіндік беріп келеді. Биыл үшінші маусымның ашылуы мен жаңа модульді жатақхана үйлерінің пайдалануға берілуіне арналған салтанатты іс-шара аудан өміріндегі маңызды әлеуметтік-мәдени оқиғаға айналды.
Жатақхананың ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Ерлан Заипұлы Нұрмаханов балалар мен тәрбиешілерді құттықтап, бұл нысанның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде: «Жазғы лагерьлер – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытып, өз-өзіне сенімділік қалыптастыратын орта. Ал жаңа жатақхана типіндегі жайлы үйлер – олардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік жоба. Мұндай игі бастамалар – ел болашағына қосылған нақты үлес», – деді.
Сонымен қатар, шара барысында Бәйдібек аудандық прокуратурасының прокуроры Нұрсұлтан Ғабитұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қуанышбек Қансейтов және аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Аманұлы Пернеев құттықтау сөз сөйлеп, лагерь жұмысына сәттілік тіледі. Жазғы тынығу маусымын ұйымдастырып отырған білім саласы мамандарына, лагерь ұжымына шынайы алғыстарын білдірді.
Ағымдағы маусымда «Тау шыңы» лагеріне 8 топқа бөлінген 330 оқушы қабылданған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында лагерь аумағына 36 бейнебақылау камерасы орнатылып, тәулік бойы қадағалау жүйесі іске қосылған.
Жаңадан салынған жатақхана заманауи модульдік жүйемен жабдықталған, санитарлық-гигиеналық талаптарға толық сай келеді. Ішкі инфрақұрылымы балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін арнайы жобаланған. Лагерьде балалар үшін түрлі спорттық, мәдени және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Шығармашылық үйірмелер, өнер кештері, экологиялық тәрбие сабақтары мен спорттық жарыстар бәрі-бәрі де балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы өткізуге бағытталған. Мұндай демалыс баланың жан-жақты дамуына, өмірлік дағдылар қалыптастыруына және табиғатпен етене байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Түйіндей келгенде «Тау шыңы» лагері мен жаңа жатақхана құрылысы – жергілікті әкімдік пен білім саласының жүйелі жұмысының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар Президент саясатының өңірлік деңгейде табысты жүзеге асырылып жатқанын білдіреді. Балаларға жайлы, қауіпсіз және мазмұнды демалыс ұйымдастыру болашаққа салынған берік негіз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға зор ықпал ететіні анық.
Орайы келгенде айта кетейік, биыл Түркістан облысында алғаш рет модульді жатын бөлмелермен жабдықталған 5 жазғы лагерь іске қосылды. 52 модульді бөлме мен санитарлық блоктар орнатылып, оған бір ауысымда 1000-нан астам бала қабылданады деп жоспарланған. Жазғы маусымда 41 мыңнан астам оқушы лагерьлермен қамтылады делінген.