Түркістан – Президент реформаларын сәтті жүзеге асырып жатқан өңір

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағыттарды атап көрсетіп келеді. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: баршаға лайықты ел» қағидаты – бүгінгі таңда барлық өңірлердің, соның ішінде Түркістан облысының даму стратегиясының өзегіне айналды.

Түркістан облысы – тарихи, мәдени және экономикалық маңызы зор өңір. Соңғы жылдары бұл аймақ Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен түбегейлі өзгерістерге ұшырап, жаңа даму сатысына көтерілді. Президенттің бастамасымен Түркістан қаласы облыс орталығы болып қайта құрылып, өңірге ірі инвестициялар тартылды, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар іске асырылды. Бұл – «Күшті өңір – қуатты мемлекет» қағидатының айқын көрінісі.Мемлекет басшысы өз Жолдауларында адами капиталды дамытуға баса назар аударады. Бұл бағыт Түркістан облысында да жүйелі түрде жүзеге асуда. Білім беру саласында жаңа мектептер мен колледждер ашылып, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға басымдық берілуде. Мысалы, Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «№17 колледж» – болашақ теміржолшыларды даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі. Бұл колледжде Мемлекет басшысының техникалық мамандықтарға басымдық беру тапсырмасы нақты іске асырылып жатыр. Жыл сайын ондаған жас теміржол мамандары даярланып, отандық экономиканың күретамыры саналатын салаға үлес қосуда.Президент Тоқаев жастарды еңбекке, кәсіпке баулуды ерекше міндет ретінде белгілеген болатын. Бұл ретте «№17 колледж» тек білім ордасы емес, сонымен бірге еңбек династияларының алтын ұясына айналған. Еңбек өтілі 150 жылды құрайтын Ескермесовтер теміржолшылар әулеті – осының жарқын мысалы. Бұл отбасы бірнеше буын бойы теміржол саласына үлес қосып, адал еңбектің, кәсібиліктің және отансүйгіштіктің үлгісін көрсетіп келеді.

Өңірде цифрландыру, агроөнеркәсіп, көлік логистикасы және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл – Үкіметтің стратегиялық жоспарларымен үндес келеді. Мәселен, Түркістан облысында бірнеше индустриалды аймақтар құрылып, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту және азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын арттыру – Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі. Түркістан облысының аудандарында қоғамдық кеңестер белсенді жұмыс істеп, тұрғындардың ұсыныстары жергілікті билік шешімдеріне ықпал ете бастады. Бұл – ашық әрі жауапты басқару жүйесіне көшу жолындағы нақты қадам. Қорыта айтқанда, Түркістан облысы Мемлекет басшысының бастамаларын нақты іспен қолдап, олардың өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Облыстағы әрбір жетістік – Президент реформаларын іске асырудағы жүйелі жұмыстың, Үкімет пен жергілікті органдардың тиімді өзара іс-қимылының нәтижесі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, Түркістан өңірі еліміздің серпінді дамушы аймақтарының бірі ретінде өркендей бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *