Төлеби ауданында жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етілуде
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын айқындап, соның ішінде жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударған болатын. «Жұмыс орындарын ашу – халықтың әл-ауқатын көтерудің, тұрақты дамудың кепілі. Әрбір азамат лайықты еңбекпен қамтылуы тиіс», – деген Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде өңірлерде жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Осы стратегиялық мақсатты жүзеге асыру үшін 2024–2029 жылдарға арналған «Еңбек нарығын дамыту» тұжырымдамасы қабылданып, нақты іс-шаралар жоспары түзілді. Бұл бағыттағы жұмыстар Төлеби ауданында да белсенді түрде жүргізілуде. 2025 жылдың алғашқы 5 айының өзінде ауданда 2 476 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 676 тұрақты және 1 800 уақытша жұмыс орындары құрылып, бұл – жоспарланған 6 820 жұмыс орнының үлкен бөлігін қамтып отыр.
Жалпы алғанда, аудандағы экономикалық белсенді тұрғындардың саны 50,3 мың адам болса, олардың 47,9 мыңы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 25 838 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Бұл – ауылдық жерлерде кәсіпкерлік пен жеке еңбектің дамуының айқын көрінісі.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға дейін төмендеді. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 1,2 пайызды құрап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Жастарды жұмыспен қамту – елдің тұрақты дамуының негізі. Оларға арналған арнайы бағдарламалар нәтижелі жүзеге асырылуы тиіс». Осы орайда NEET санатындағы жастарға ерекше назар аударылуда. Бүгінде ауданда бұл санатқа жататын 1 562 жас тіркеліп, оларды еңбек нарығына тарту мақсатында түрлі жобалар іске асырылуда.
Әлеуметтік қолдау бағытында да нақты нәтижелер бар. 2025 жылдың алғашқы бес айында аз қамтамасыз етілген 254 отбасыға 61 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аз. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы 5 айында 428 отбасыға 219 миллион теңгеден астам көмек берілген. Бұл көрсеткіштің төмендеуі өңірдегі кедейшілік деңгейінің 1,9 пайыздан 0,9 пайызға дейін қысқаруына оң әсерін тигізді.
Мемлекет басшысының «100 мың адамға – 100 мың тұрақты жұмыс» қағидатын іске асыру үшін Төлеби ауданында 2025 жылы 1 250 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс. Қазірдің өзінде 171 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс орындарына 115 адам жолданып, бұл жоспардың 44,7 пайызы орындалды. Жастар практикасы аясында 630 түлекті жұмысқа тарту көзделсе, 5 айдың ішінде 61 жас маман бағытталды. Бұл – қосымша талдау мен ынталандыруды қажет ететін бағыт.
Қоғамдық жұмыстар арқылы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына тартылған азаматтар саны да артып отыр. Жоспар бойынша 760 адамды қамту көзделсе, 5 айда бұл көрсеткіш 786 адамға жетіп, асыра орындалды.
Жалпы, Төлеби ауданында жүзеге асып жатқан жұмыспен қамту саясаты – Үкіметтің, Парламенттің, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының үйлесімді жұмысының нәтижесі. Бұл – халықтың әлеуметтік тұрақтылығы мен елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған нақты іс-әрекеттердің айғағы.