Жүрегінде ақауы бар балаларға диагностикалық тексерулер жүргізілді
Түркістанда «Күннен – жүрекке: балалар кардиохирургиясы мен кардиологиясындағы коммуникациялар» атты ІІ халықаралық конференция өтті. Тәжірибелік жиында Ресей, Беларусь, Польша, Қырғызстан және еліміздің басқа да қалаларынан жиналған кардиолог, кардиохирург және интервенционды кардиолог дәрігерлері балалар арасында кездесетін жүрек ауруларын емдеудегі өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.
Өңірімізде кардиохирургия қарқынды дамып келеді. Облыс бойынша жыл басынан бері 108 сәбидің жүрегіне ота жасалған. Түркістан облыстық балалар ауруханасында туа біткен жүрек кемістігі бар балаларды тасымалдаудың жол картасы әзірленген. Дәрігерлердің Қызылорда мен Тараз қалаларынан жүрек ауруы бар сәбиді санавиация бортымен тасымалдау тәжірибесі бар. Ауруханада кардиореанимация бөлімшесі ашылған. Мұнда жаңа туған нәрестелерге күрделі ота және ашық жүрекке ота жасалғаннан кейін күтім жасалады.
Конференция аясында Түркістан облыстық балалар ауруханасында еліміздің бас балалар кардиохирургі, «University Medical Center» корпоративтік қоры балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбуновтың қатысуымен бірнеше жаңа туған нәрестеге күрделі ота жасалды. Сондай-ақ, балалар кардиологы, педиатрия бойынша медициналық орталықтың директоры Татьяна Иванова-Разумова бастаған бір топ білікті маманның қатысуымен жүрегінде ақауы бар балаларға диагностикалық тексерулер жүргізілді.
Жүрек ақауымен есепте тұратын балалардың ата- аналары мен шаранасында осындай аурулар анықталған жүкті әйелдер үшін арнайы «пациент мектебі» өткізіліп, кеңестер берілді. Бұл тәжірибе алмасу жұмыстары Түркістан облысында балалар кардиохирургиясы саласы дамуының 10 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Айта кетейік, облыс халқының 38 пайызыны балалар, олардың 155 мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында тұрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалуда.