Қаламқастай болса дедік әр келін…
Қазақ отбасында келіннің өзіндік рөлі мен орны ерекше. Ата-бабамыз «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп тектен-текке айтпаса керек. Міне, сондықтан да ұл өсіріп отырған әрбір ата-ананың үйге келер келіннің қандай боларына алаңдап отыратыны рас. Мәделхановтар әулетіне кіші келін болып түскен Қаламқас Уәлиханқызы қазір көпбалалы ана, сүйікті жар, аяулы келін атанған. Ол «келін жан-жақты болып, барлық шаруаға үлгере білуі тиіс» деп санайды.
— Жалпы қыз баланың үйдің шаруасына, тұрмысқа ыңғайлы болып тұрған дұрыс. Мен таңғы сағат 7-ден тұрып, отбасымның таңғы асын беріп, балаларымды балабақшаға жібереді. Содан кейін жұмысыма барамын. Сонымен қатар, отбасымның ас-ауқатын дайындап, оларға тәтті тағамдарымды ұсынуды өзіме міндет санаймын. Қазақ келіндерінің асханасында тағамның түр-түрі дайындалып, жағымды иіс шығып тұрса, ол үйге келген қонақтың да көңілі тоқ болады. Ізімнен ерген жас келіндерге қонақ келгенде, мейлі ол жасы үлкен кісі болсын, яки жасы кіші бала болсын әрқашан жайдары жүзбен қарсы алуы керек екенін айтып отырамын. Оның сауабы көп. Қонаққа ас суынды ұсынғанда да «Ас болсын» деп шын пейілмен ізетіңді білдіруің керек, — дейді көпбалалы ана.
Әрине, келін осы әулеттің көшін жалғайтын ұрпақ әкелетін жан. Көпбалалы болудан қашпайтын келіннің өзгеден мәртебесі биік тұратыны сөзсіз. Кейіпкеріміз Қаламқас Уәлиханқызы үлкенге құрметі мен кішіге ізетін үзбеген, көптің көңілін тауып отырған келін. Мұндай отбасының шаңырағын бақ пен береке күзететіні рас. Қонағы мен келім-кетім адамы көп үйде ырыс артады.
— Келіннің басына тартқан ақ жаулығы оған өзгеше көрік беріп тұрады. Жалпы жаңадан түскен келіннен басына ақ орамал тектен-текке жабылмайды. Бұл ақ жаулық келіннің бұдан кейінгі өмірдегі серігіне айналсын деген ниеттен туған. Сондықтан, басқа орамал тартудан қашудың қажеті жоқ, — дейді Қаламқас Уәлиханқызы.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 8 айда елімізде 43 мың жұп некелесіп, 265 мың сәби дүниеге келген екен. Мамандар ағымдағы кезеңде ең көп туу көрсеткіші Түркістан облысында – 30 973, Алматыда — 29 002, Шымкентте — 23 935 және Астанада – 23 330 бала тіркелгенін айтады. Ал, Ұлытау облысы – 2 821, Солтүстік Қазақстан облысы — 4 313 көрсеткіштерімен туу көрсеткіші төмен өңірлер болып есептеледі.
Сонымен қатар, 8 айдың ішінде ең көп некелесу Алматы қаласында тіркелген. Бұл өңірде – 14 059 жұп тіркелсе, екінші орында Астана — 9 258, үшінші орында Түркістан облысы – 6 132 неке заңдастырылған.