Қазақстанның байлығы – айрандай ұйып отырған халқы

Қазақстанның байлығы мен мақтанышы айрандай ұйып отырған, ауызбіршілікте өмір сүретін халқы. Әлемді қанша шарласаңыз да 100-ден астам өзге ұлт өкілі мекендеп, тату-тәтті тіршілік кешіп отырған Қазақстандай мемлекетті таба алмайсыз. Елімізде әр адамның құқығының ғана емес, халықтың бірлігінің де тұрақты сақталынуына баса көңіл бөлінеді. Тұрғындар да ауыртпалық төне қалған заматта оны жұмыла көтеруге тырысады. Біз әлемге осындай асқан ауызбіршілік пен татулықтың тамаша үлгісін танытып келеміз.

Міне, сондықтан да біз тарихтың әр кезеңінде ел басына күн туған уақытта қандай сынақ, қиындық кездеспесін, соның бәрін жеңе білдік.  Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, ауызбіршілігімізге үлкен мән бере білдік. Әр кез бір жаңадан бас, бір жеңнен қол шығардық. Ал, бұл қасиет біздің біртұтас ел болып қалыптасуымызға негіз болғаны рас.

Тарихтан білетініміздей, қазақ халқы көптеген этностарға үйінен орын беріп, оларды қиындықтан құтқарып, тарихи ерлік жасағаны бәрімізге мәлім. Соғыс уақытында танымайтын бөтен адамдармен соңғы нанын бөліп жеп, оларды жатсынбай, төрінен орын берді. Соның арқасында бүгінде бәріміз бейбіт аспанда келісім мен тұрақтылықты күн кешіп келеміз.

Ұлан-байтақ жеріміздің мақтанышы мен байлығы, ол біздің елі мен жерін жанымен сүйетін арда туған азаматтарымыз. Олардың ерлігін насихаттау мақсатында елімізде көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Соңғы уақытта жастардың патриоттық сезімін оятуда майдангерлердің ерлігін насихаттауға арналған «Ерлік сабақтары» өткізіле бастады. Сондай шаралардың бірі Түркістан облысы, қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлтаралық тұрақтылық, татулық және келісім» тақырыбында Ақсукент ауылындағы М.Горький және Манкент ауылындағы С.Рахимов атындағы жалпы орта мектептерінде ұйымдастырылды. Сабақ барысында аталған мектептерді бітіріп, Таулы Қарабахтағы ұрыс-қимылдарында ерлік көрсеткен ардагерлер А.Пархоменко мен Н.Хидировқа «Қызыл жұлдыз» ұрыс — қимылына қатысушы белгісі тапсырылды.

«Ерлік сабағына» жоғары сынып оқушылары мен ауданның соғыс  ардагерлері қатысты. Оқушылар ардагер жерлестеріне өздерінің сауалдарын қойып, іс-шара мерекелік қойылымдармен жалғасын тапты.

Шараға Ақбұлақ ауылындағы Ә. Құрмантаев және Манкент ауылындағы Манкент жалпы орта мектептерінде жоғары сынып оқушылары мен ұрыс қимылдары ардагерлері қатысты. Шараның мақсаты ауыл жастары арасында ұлттар мен ұлыстардың достығын дәріптеу, қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге үндеу болды. Сонымен қатар, ұрпақ сабақтастығын қалыптастырып, алдыңғы буын зиялы қауым өкілдерін жастарға үлгі ету көзделді.

Сабақ барысында жастар өздері оқып жатқан білім ұясынан ұрыс қимылдарына қатысып, ерлік көрсеткен жерлестерімен сұхбаттасып, оларға құрмет көрсетті. Біз ел басына күн туғанда бір-бірімізге қол ұшын беріп, бейбіт өмірді бағалай білетін, қиындықтан бір үйдің баласында болып жұмылатын данагөй халық екенімізді ұмытпайық!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *