Электр қуатының тапшылығын шешудің бірден-бір жолы – бейбіт атом

Бізге атом энергетикасына көшетін уақыт жетті деп есептеймін. Өйткені, ол таза энергетика. Оның күн мен жел станцияларына қарағанда тиімді тұсы көп. Әрі қауіпсіз. Екіншіден, қазір адамдардың өмір сүру деңгейі жақсарған сайын электр энергиясына деген сұраныс арта түсуде. Электр қуатын еселеп өндіретін болсақ та, қазіргі сұранысты қамтамасыз ету мүмкін емес. Өйткені, күнделікті өмірімізде қолданылатын техникалардың барлығы электр энергиясымен жұмыс істейді. Тіпті бар ғой, күндіз түні қолымыздан түспейтін ұялы телефонымыздың өзі де қуаты болмаса сөніп қалады.

Міне, сондықтан да бізге тәулігіне 24 сағат электр қуатын өндіретін АЭС салу қажеттігі туып отыр. Жалпы электр энергиясының тапшылығы қазірдің өзінде сезіліп жатыр дедік қой. Ғалымдар алдағы он жылда мұның жаһандық проблемаға айналатынын мәлімдеуде. Бұл мәселенің Қазақстанды да айналып өтпесі анық. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында:

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын» деп Үкіметке атом электр стансасын салуға қатысты жалпыұлттық референдумды алдағы 6 қазанда өткізуді тапсырды.

Жалпы елімізде атом электр стансасын салу қажеттігі туралы әңгіме 1997 жылдан бастап айтылып келеді. Бұл туралы ұсыныстар да жасалды. Алайда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2030 жылға қарай елде электр қуатының тапшылығы туындайтынын ескертіп, оны шешудің бірден-бір жолы бейбіт атом екенін баяндаған болатын. Міне, содан бері елімізде АЭС салу мәселесі қайтадан көтеріле бастады.

Былай қарағанда, атом энергетикасын өндіру үшін ең алдымен уран отыны қажет. Қазақстан қазір уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұрмыз. Бұл жағынан тапшылық туындай қоймайды. Одан кейін атом индустриясын өркендетудің нәтижесінде ел экономикасы өсіп-өркендей түседі. Жаңа мүмкіндік ашылады. Сонымен қатар, бұл жоба ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлардың көбеюіне ықпал етеді.

Қазір бүкіл әлем осы атом энергиясының арқасында электр қуатына деген қажеттілікті өтеп отыр. Елімізде электр энергиясының өндірісіне мұнай мен көмір пайдаланылуда. Бұл табиғи шикізат көзі алдағы 10-15 жылда таусылады деген болжам бар. Ал, одан кейін не істейміз? Күн мен жел энергиясына да толық сенім арта алмаймыз. Өйткені, олар ауа-райына тікелей тәуелді. Күн райы жақсы болса ғана, қуат жинай алады. Міне, осындай жағдайларды ескере келе, елімізде уақыт оздырмай АЭС құрылысын бастау керек екенін көз жетеді.

Қуандықов Жасұлан,

Теспе ауылының биі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *