Ғалымдар әулеті

 «Алып анадан туады»  деген сөз бар. Батырды да, ақынды да, әкімді де дүниеге әкелетін – Ана. Ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен де ана кеудесінен нәр алып өседі. Әр ана өз баласын өсіре отырып, ұлт тәрбиесіне үлес қоспақ. Біз  осы ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекованың анасы Ұлжалғас Әмзеқызын сұхбаттастық.

Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, «Қазақстанның еңбек  сіңірген қызметкері», педагогика ғылымдарының докторы, профессор, география пәні бойынша  Ұ.Ә.Есназарованың Республикалық атаулы мектеп жетекшісі, академик Ұлжалғас Әмзеқызының  айтары аз емес деп ойлаймыз

Ұлжалғас Әмзеқызы,  білуімізше, сіз төрт баланы өмірге әкелген, ұлды ұяға, қызды-қияға қондырған үлкен шаңырақтың ұйытқысы болып отырған анасыз.  Өмірде, отбасында, әлемде  әйел-ананың рөлі қандай? –деген алғашқы сауалымызға ұлағатты ұстаз былай деп жауап қатты.

«Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең — бесігіңді түзе» деген  өсиеті бар. Адам баласының  өмірінде алғашқы еститіні ананың әлдиі. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы ­­­туған ұясы, отбасы. Отбасы – әр бала үшін алтын бесік. Алтын бесігінде  ананың әлдиі мен әкенің қамқорлығына, мейіріміне бөленген бала сонда түлеп өседі, оң-солын танып,  қанат қағады. Қарапайым әдеп қағидалары мен адамгершілік қасиеттерді де бойына сіңіріп,  еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Қазақ халқының ұлттық педагогикасында «Тәрбие –отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған.

Ата-ананың  міндеті баланы бағып-қағып, олардың денсаулығы дұрыс  болып, жетіліп өсуін қамтамасыз ету ғана емес. Ата-ананың басты парызы – балаға дұрыс   тәрбие беру. Балаға тәрбие беру, білім беру, бас құрап, үй болып, аяққа тұрып ел қатарына қосылып кеткенінше  қамқор болу сияқты асыл міндеттер парыз һәм қарыз. Сонымен қатар, балалары қартайған ата-анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттері ұштасып жатады. Бұл да әрине, халқымыздың  ежелден келе жатқан дәстүрлі тәрбие жүйесінің жемісі ғой деп ойлаймын.

…Тұрмысқа  шығып кетіп  бара жатқанымда  анам  «Іргелі ел   Ұлы  жүзге келін  болып  барасың.  Ол енді өз елің, өз жұртың. Туған ұяң  төркін жұртың. Туған  үйіңнен  тек жақсы тәрбиеңді алып кет. Балалығың мен еркелігіңді  үйге тастап кет. Әйелдің пірі – күйеуі. Күйеуіңмен кеңеспей   ешбір шаруа жасама» деген еді. Анамның айтқан ақылын бүгінде мен де   балаларым мен  немерелеріме өсиет етіп, үйретіп келемін, деймін бізбен сыр бөліскен ұлағатты ұстаз, үлкен шаңырақтың отанасы.

…Қандай бала болмасын анасын сүйеді, ананы көбірек жақсы көреді, анадан көп қамқорлық көреді. Сырын  да әуелі анасымен бөліседі. Бірақ бұл бүкіл жауапкершілікті Анаға артып қою деген сөз емес. Бала тәрбиесіне ана мен қатар әке де жауапты екенін айтқым келеді. Бұл жағынан менің жолым болды десем де болады. Құдай қосқан қосағым, өмірлік жолдасымыз екеуміз балалардың тәрбиесі болсын, жалпы, шағын отанымыздың «арбасын» бірге сүйреп, бірге тарттық. Қызығын да, «шыжығын» да бірдей бөлістік. «Мына жұмыс ер адамға, ана жұмысты әйел атқару керек» деп санаспай, бір-бірін қас-қабағынан ұғатын жұп болдық.

«Әйел бір қолымен бесікті тербесе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз тегін айтылмаған. Бүгінде әйелдердің дені үй шаруасымен ғана айналысып отырмайды, мамандығымен жұмыс істеп, қоғамда өз орны мен салмағын танытып, еліміздің дамуына үлес қосып жүр. Қызметпен қатар бесігін де тербетіп, отбасының ұйытқысы болып отырған аналар аз емес. Бұл қасиет біздің қазақ қыздарының ерік- жігерінің мықтылығын көрсетеді» дейді Ұлжалғас апай.

Көп бала тәрбиелеген Анасыз, географиядан Ұ.Ә.Есназарованың Республикалық атаулы мектеп жетекшісі болып, Алматыдағы № 138 қазақ  мектебінде ұзақ жылдар бойы еңбек еттіңіз. Бала тәрбиесі, отбасымен қатар ғылымды да игердіңіз. География оқу пәні бойынша тек ел көлемінде ғана емес,  бүкіл Түркі тілдес елдер географиясына арналған пайдалы оқу құралдарын жаздыңыз. (Осының бәріне үлгердіңіз). Жанар Аманкелдіқызының ғылымға, білім беру қызметіне келуіне  Сіздің тәрбиеңіздің,   ғылыми  жолыңыздың әсері болды ма  екен?-дегенбіз,  еңбекқор ғалым-ұстазға таңданысымызды жасыра алмай.

– Иә, біздің отбасымыз, әулетімізді ғалымдар әулеті деуге болады. Себебі, атасы мен әкесі кезінде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде аспирантурада оқыған. Ал, Жанар  туылғанда  әкесі кандидаттық  диссертациясын  қорғаған  болатын. «Әкең  университетте жақсы  оқығандықтан Мәскеуде  оқыды, сабақтарыңды  жақсы  оқысаңдар,  әкелерің сияқты ғалым  боласыңдар», деп  үнемі айтып  отыратынмын. Мен ғылымға кеш келдім. Балаларымның алды студент, кішісі мектепке  барғанда  ғылыммен айналыса  бастадым. Кеш бастадым ба екен деп екі ойлы  болып  жүрген едім. Бірде көршіміз, әрі  досымыз қазақтың  біртуар  ұлы, әйгілі арабтанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі кездесіп қалды да:  «Ұлжалғас сен ғылыммен айналысып жүр едің ғой, не болды?» деп сұрады.  «Жетекшім  өмірден  озып кетті,  қайта жетекші  бекітіп жаңадан бастауға   жасым келіп  қалды-ау» деп  екұдай күйде жүрмін, дедім. Әбекең:  «Ғылыммен айналысу ешуақытта кеш  болмайды. Мен ҚазҰУ-де  декан  болып  жүргенде  қазақ тілін  үйренемін деп 70 жастағы  жапон  қарты келіп  оқыды», деді. Сол сөз қамшы  болып, мектепте географиядан сабақ  бере  жүріп, ғылымға ден қойдым. 1996 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты, 2005 жылы докторлық диссертацияны сәтті қорғап,  педагогика ғылымдарынан докторы атандым. Балаларым  жазған еңбектерімді теруге, баспадан  шығаруға көмектесті, өздері  тәжірибе жинақтады. 1999 жылы Анкарадағы Қожа Ахмет Ясауи университетінің  Жәрдем қоры  баспасынан  «Түркі тілдес елдер географиясы» кітабымызды қазақша  басып  шығарып,  Түркиядан  үйге әкеліп  бергенде кеудемді қуаныш кернеді. Кейін бұл еңбегім бірнеше рет қазақ, орыс және  қырғыз тілдеріне  аударылып  басылды, дейді  Ұлжалғас Есназарқызы.

«Қазақта  қарға  баласын аппағым, кірпі  баласын жұмсағым» дейді  деген  сөз бар. Тек Жанарым ғана емес  бар  балам ақылды, әдепті,  айтқанды тыңдайтын  тәрбиелі  болып  өсті, дейді сұхбаттасымыз ХҚТУ ректоры Жанар Амангелдіқызының қандай бала болып өскені туралы білігіміз келген сауалымызға. Иә, Ұлжалғас апайдың айтуынша: Бала  тәрбиесіне  әкесінің  ықпалы  зор болған көрінеді. Кезінде  өзі қазақы тәрбие алған  әкесі өткен XX-ғасырдың  80 жылдары  балаларын  қазақ тілді мектепте оқыту  үшін Алматының бар қиырын шарлап шығыпты. Себебі,  ол кезде Алматыда  бір ғана  №12 қазақ мектебі болған. Ол мектеп  үйлерінен алыс  болған. Содан оқу министріне дейін кіріп жүріп, ақыры ҚазКСР халыққа білім  беру министрінің  рұқсатымен Алматы  қаласындағы  шопандардың   балалары жатып  оқитын №9 мектеп-интернатқа үйден қатынап оқуға рұқсат  еткен шешімін шығарып әкеліп, балаларын қазақ мектебіне беріпті. Бұл дегенің ол кезде жанқиярлық еңбек һәм табандылық еді. Осындай принципшілдігі мен ұлтжандылығының арқасында, ана тілі мен бала тәрбиесіне немқұрайды қарамауының арқасында Жанар ханымның ата-анасы дегендеріне жетіп, балаларын қазақ мектебінде оқытты.

«1986 жылғы  желтоқсан  оқиғасынан кейін, сірескен сең қозғалып қазақ мектептері ашыла бастады.  Сол жылдары Алматыда жаңадан салынған   төрт мектеп – қазақ мектебі  болып ашылды. Содан кейін Жанар №138 қазақ мектебіне  ауысып, сонда  оқыды. Озат оқушы болды. Содан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің экономика факультеті мен Түркияның Анкара қаласындағы Хаджатепе университетінің инженерлік факультетіне түсті. Түрік тілінен  тест тапсырғанда  жүзден 100 балл алып емтиханнан өтті. Бір жолы  жағдайларын  білейін  деп  барсам қызым  150 микробтың  атын түрікше, ағылшынша, латынша  жаттап  отыр екен. Сонда Түркияның  жоғары  оқу орнында оқу оңай емес екеніне  көзім  жетті» дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде .

Дана халқымыз «Анасын көріп қызын ал» деген бір ауыз сөзбен бала тәрбиесінде ананың рөлін нақтылап  көрсетеді. Ана мен бала арасындағы үйлесім тәрбие атты ұшы-қиырсыз шексіз теңіздің бір жіңішке жылғасындай дүние. Өмірде көзге көрінбейтін, былай қарап тұрған ұсақ-түйек саналғанымен маңызды дүниелер бар. Отбасындағы тәрбие, отбасылық үйлесім де сондай паралель ұғымдар. Адамның кемелденуі, кісілік келбетінің қалыптасуы , көп қасиеттері отбасындағы тәрбиеден, ұяда көргенін дариды емес пе?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *