Ұрпақ тәрбиесіне арналды
Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңес ұрпақ тәрбиесіне арналды. Оның жұмысына облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әкелер мектебі», «Әжелер алқасы» ұйымдарының мүшелері мен аудан ардагерлері қатысты. Басқосуда, ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелер кеңінен қозғалды.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Сапарбеков ұрпақ тәрбиесі туралы, сондай-ақ, атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасады. Ал, аудандағы «Әкелер мектебі» ұйымының төрағасы Ж.Құрбанов пен «Әжелер алқасы» ұйымының төрайымы Б.Ысмайыл өздері атқарған шаруаларына талдау жасап, көпшілікке есеп берді. Жиылғандарға мағыналы, ғибратты, бастысы пайдалы кеңестер айтылды.
Халық даналығында «Ертеңін ойлаған ел озады» деген тәмсіл бар. Елдің ертеңі өскелең ұрпақ екенін ескерсек, жастар тәрбиесі қашан да өзекті. Қазақта «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Жас балаға бәрінен де өз отбасының тәрбиесі әсерлі. Әсіресе, әкесі мен анасының берген тәрбиесі құнды. Осы орайда Құранды тәпсірлеуші Бәдиуззаман Сайд Нұрси өз өмірінен дәлел келтіреді: «Сексен жылдық өмірімде сексен мың кісіден дәріс алсам да, Құдай ақы, мен үшін әрдайым ең негізгі сабақ – анамның айтқан сөздері мен ескертулері, оның мағыналы дәрістері. Олар тасқа жазылған жазулар тәрізді жадыма сіңіп қалған. Басқа дәріс сабақтар сол іргетасқа қаланған деп білемін. Демек, марқұм анамның жас күнімде бойыма, көңіліме тоқыған дәрістері мен ескертулері сексен жасыма дейінгі үйренген ұлы ақиқаттардың іргетасы» деп тұжырымдапты.
Ендеше, ана тәрбиелеген ұрпақ жаман болмайды. Ердің намысын, елдің тыныштығын сондай ұлдар қорғайды. «Аталар сөзі – ақылдың көзі» дей келе, бұрынғы өткен ұлыларымыздың ұрпақ тәрбиесіне байланысты айтылған түйінді сөздері әрбір ата-ана есте ұстайтын қағидалар болуы керектігі де айтылды. Іс-шара барысында ауданға қарасты барлық ауыл округтерінен қатысқан ардагерлер кеңесінің төрағалары мен «Әжелер алқасының» төрайымдарына арнайы куәлік табысталды.
Ажар БЕРМҰХАНОВА