Ата-әже тәрбиесін көру біз үшін ғұмырлық тәліммен тең
Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз ұлт тарихының, мәдениеті, дәстүрі мен құндылықтарының буыннан-буынға үзілмей жалғасуы. Әрбір ересек адам өзінен кейінгі буынға ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие беріп, олардың өмір жолына бағыт-бағдар сілтейді. Осы арқылы болашақ ұрпақтың санасына адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді сіңіреді. Қарттарымыздың өмірлік тәжірибесі мен жастардың энергиясы және инновациялық ойлары біріккенде, қоғам жаңа биіктерді бағындырады. Бұл сабақтастық тек отбасылық деңгейде емес, жалпыұлттық деңгейде де маңызды.
Тамырын тереңге жіберген бәйтеректің бұтағы берік болатыны сияқты, өз тарихы мен әдет-ғұрпын сақтаған мемлекеттің де болашағы жарқын болады. Елді бірлікке, тұрақтылыққа, ізгі бастамаларға шақыратын – қарттарымыз. Қариялардың өмірлік жолы мен ақыл-кеңестері әр уақытта жас ұрпақ үшін баға жетпес байлық, темірқазық іспеттес. Өмірде көргені көп, түйгені мол қарттарымыздың ақыл-ойы – халқымыздың рухани байлығы. Сондықтан, оларға құрмет пен жылулықты аямау қажет.
Бүгінде өңірімізде 195 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, қалғандары ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер және тыл еңбеккерлері. «Қамқорлық» акциясы шеңберінде олар қоғамдық көліктерде тегін жүреді, коммуналдық қызметтерге де жеңілдіктер қарастырылып келеді. Биылдың өзінде акция аясында 10 мыңға жуық жекелеген санаттағы азаматтар мен ардагерлерге көмек көрсетілді.
Ардагерлерді сауықтыру мақсатында жыл сайын облыстық бюджет есебінен 8 мыңға жуық ардагер денсаулығын түзеуге, тынығуға мүмкіндік алуда. 1537 аға ұрпақ өкілі басылымдарға тегін жазылған. Жасы 80-нен асқан 320-ға жуық жалғызілікті қарияның зейнетақысына бір АЕК мөлшерінде үстемеақы төленеді. Сондай-ақ, шипажайларда ем қабылдауларына жолдама беріледі. Аудан, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанындағы 22 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері арқылы 2 198 жалғызілікті қария күндізгі уақытта үйде қызметтер көрсету жағдайындағы қызметтермен қамтылуда.
Сонымен қатар өңірдегі 19 «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» қарттарымызға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық секілді 7 бағыт бойынша көмек береді. Мемлекеттік қолдаулар мұнымен шектелмейді. Қосымша демеушілерді де тарта отырып, түрлі бағыттағы іс-шаралар мен көмектерді ұйымдастырып келеміз.
Біздің мекеме қарттарымыз бен қызмет алушылардың ахуалын үнемі бақылап тұрады. Өйткені, қарияларымызға ең әуелі жылы сөз керек. Ата-әже тәрбиесін көрген біз үшін олармен әңгімелесу, сұхбаттасу ғұмырлық тәліммен тең.
Даналықтың көзі саналатын ардагерлерімізді қалай ардақтасақ та жарасады.
Әсия ТЕМІРБАЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.