376 әйел кәсіпкерлікті қолдау бағытында кеңес алды

Жақында Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында іскер әйелдер кеңесінің мүшелері кезекті рет басқосты. Жиынға облыстық іскер әйелдер кеңесінің қала-аудандардағы төрайымдары, жас іскер әйелдер кеңесінің төрайымдары қатысты. Кездесу барысында күн тәртібіне қойылған биылғы жылға арналған іскер әйелдер кеңесінің жұмыс жоспары талқыланды.

Өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің елеулі еңбегін атап өткен палата директоры Асылан Ибадуллаев биылғы жыл да табысты болуына тілектестік білдірді. Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Тулегенова тасқын судан зардап шеккен отандастарымызға қаржылай қолдау білдірген және гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысқан азаматшаларға алғыс айтты.

Жиын соңында салалық даму және жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының 2023 жылы атқарған қызметтері бойынша баяндама жасады. Енді іскер әйелдер кеңесінің координаторлығын шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Жанель Қали жүргізетін болады.

Жалпы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында былтыр 376 әйел азаматқа кәсіпкерлікті қолдау бағытында кеңес берілсе, 120 қыз-келіншек оқыту курсынан өтті. Яғни, «Визажист», «СММ», «Тігін тігу», «Аспаздық», «Кондитерлік өнім өндіру» бойынша қыз-келіншектер оқыту курстарына қатысып, сертификат табысталды.

Кәсіп иелерінің берекелі бизнесін жандардыру мақсатында 12 кәсіпкерге Салтанат Ходжа-Мамедқызы менторлық сүйемелдеу қызметін атқарды. Перспективалы бизнес-идеяларды, жобаларды қолдау үшін іскер әйелдердің әріптестік байланысын нығайту жұмыстары өз жалғасын табады.

Айта кетейік, Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты. Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар.  2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде.

Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар.  Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.

Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27%-ын  нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда. Сонымен бірге қазақтың қайсар қыздары мен ардақты аналары білім беру, медицина және өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп жүр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *