Оразкүл сатушы, Айсұлу аспаз болды

Қазіргі күні аға буын өкілдері қолынан келетін жұмыспен қамтылып, зейнет демалысына шыққанда толымды зейнетақы алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Жетісай ауданында кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде зейнеткерлік жасына жақындаған жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шаралары мақсатында «Күміс жас» жобасы жүзеге асырылуда. Әсіресе бұл жоба зейнетке шығуға жасы таяп қалған адамдар үшін өте тиімді.

Айталық, Алгибаев Өмірбек шаштаразшы, Бектенова Оразкүл сатушы,ал Бухарова Айсұлу аспазшы болып «Күміс жас» жобасы негізінде аудан орталығында орналасқан «Дариха» жеке кәсіпкерлігінде жұмысқа жолданған болатын. Қазіргі таңда олар өздеріне тиісті жұмыстарын абыроймен атқаруда.

Аталмыш бағдарламаға 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар 36 айға дейін қатыса алады, сондай-ақ қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері 30 АЕК /110 760 теңге/ көлемінде төленеді.

Жалпы облыс әкімінің осы жылдың ақпанында бекіткен «Өңірді жұмыспен қамту картасы» аясында өңірімізде 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Атап айтқанда, 108 мың адамды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, 3,7 мың адамды Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар арқылы ашылатын жұмыс орындарына жолдау, сонымен бірге 7,2 мың адамға грант немесе шағын несие беру көзделген. Тиісінше, 1 тамыздағы  статистикаға сәйкес 68,5 мың түркістандық жұмыспен қамтылып, жоспар 58 пайызға орындалған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндауынша, 31 мың адам тұрақты, 37,5 мың адам уақытша және 1,5 мың адам Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар бойынша ашылған жұмыс орындарымен қамтылған. Өңірде Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар негізінде 400-ге тарта ин- фрақұрылымдық жобаларды іске асырып, 3 600-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінге дейін оның 227-сі қолға алынып, 1500-ден аса жұмыс орны құрылыпты. Ал, «Еңбек» бағыты бойынша 2024 жылы 85,4 мың азаматты жұмысқа жолдау жоспарланып, 7 ай ішінде 44,6 мың адам жұмысқа орналасқан. Одан бөлек 31 мыңнан аса адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау көзделіп, 25 570 адам жұмысқа кірісіп кеткен. Кәсіп бастауға ниет білдірген 1783 адамға грант беріліп, 2 570,9 млн. теңге игерілген. Сонымен бірге, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 7 аудан мен қаланың 120 тұрғынына пилоттық жобаларды жүзеге асыру үшін грант тағайындалған.

Бүгінде өңірдегі көп балалы отбасылар саны 185 690-ға жеткен. Яғни еліміздегі көп балалы отбасылардың әрбір төртіншісі Түркістан облысында тұрады деген сөз. Сондықтан әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың табысын арттыру арқылы кедейлікті төмендету жұмыстары биыл да тұрақты түрде жалғасып келеді. Сәйкесінше биыл өңірдегі кедейлік деңгейін 5,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Осы орайда биыл 116,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек беру үшін бюджеттен 9,6 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, кедейлік деңгейін төмендету жөнінде аудан, қала әкімдерімен меморандумдар түзіліп, АӘК берудің тоқсандық жоспары бекітілген. Бұл тұрғыда 7 ай ішінде 14 160 отбасы немесе 84 860 адамға АӘК тағайындалып, көмекке мұқтаждар саны 19 563 адамға кеміген. Қазіргі уақытта аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 4 пайызын құрап отыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *