Қарапайым еңбек – қоғам тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында еңбек адамының құқығын қорғау, кәсіби дағдыларын дамыту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету басты басымдық ретінде айқындалған. Бұл бағыттағы міндеттерді іс жүзінде жүзеге асырып келе жатқан өндіріс орындарының бірі – Кентау трансформатор зауыты. Мұнда әрбір қызметкерге өз қабілетін танытып, еңбегімен табысқа жетуге толық мүмкіндік жасалған.

Үлкен трансформаторлар шығаратын зауытта кран машинасында ораушы болып жұмыс істеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін еңбек. Әсіресе бұл салаға нәзік жандылардың келуі сирек кездеседі. Дегенмен, жүрек қалаған іске ешқандай кедергі тосқауыл бола алмайтыны анық. Ер-азаматтармен иық тірестіре отырып, зауытта табысты еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Қадиша Смайлова.

Қадиша Смайлова Кентау трансформатор зауытында ораушы қызметін 17 жылдан бері абыроймен атқарып келе жатқан көпбалалы ана. Ол Қазақстандағы ірі машина жасау кәсіпорындарының бірінде еңбек еткенін мақтан тұтады. Тынымсыздық пен жауапкершілікті талап ететін жұмысында ұжым арасында сыйлы, көпке үлгі болып келеді.

Қадиша Смайлова 1973 жылы Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында дүниеге келген. Тау бөктеріндегі А.С.Пушкин атындағы №6 қазақ орта мектебін тәмамдап, кейін қалалық училищеде сатушы мамандығы бойынша білім алады. Еңбек жолын 1991 жылы Кентау қаласында сатушы қызметінен бастаған. 1992 жылы Мақсат Смайловпен шаңырақ көтеріп, көпбалалы отбасына келін болып түскен. Біраз уақыт ата-ене қамқорлығында болып, үй шаруасы мен бала тәрбиесіне ден қояды.

2008 жылы Кентау трансформатор зауытына жұмысқа орналасады. Бүгінде жолдасы Мақсат Смайловпен бір зауытта қатар еңбек етіп жүргендеріне он жеті жыл толып отыр.

– Кейбір адамдар «жұмыста да бірге, үйде де бірге – жалықпайсыздар ма?» деп сұрап жатады. Керісінше, бір салада қызмет еткен соң бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Әрдайым қолдап, қиындықты бірлесе жеңеміз. Түсінбеген жеріміз болса, сабырмен түсіндіріп отырамыз, – дейді Қадиша апай.

Қазіргі таңда ол бірнеше жас жұмысшыларды еңбекке баулып, тәлімгерлік қызмет атқарып жүр. Зауыт басшылығы тарапынан бірнеше мәрте алғыс хаттармен марапатталған.

– Қаладағы жалғыз трансформатор зауытына жұмысқа орналасу көпшіліктің арманы еді. Әйел адам үшін бұл жұмыс ауыр деп ойлайтындар бар. Бірақ адам өзіне ұнаған істің қиындығын сезбейді. Осы зауытқа алғаш келгенде тәжірибем аз болғаны рас. Ал қазір Аллаға шүкір, талай шәкірт тәрбиеледім. Олардың бүгінде осы зауытта табысты еңбек етіп жүргенін көргенде қатты қуанамын, – дейді ол.

Жылдар өте келе Қадиша Смайлованың ұжымдағы абырой-беделі артып, тәжірибелі шеберлер қатарынан танылды. Озат жұмысшы ретінде зауыт басшылығы тарапынан мерекелерде түрлі сый-сияпаттарға ие болып келеді. Оның есімі облыстық және қалалық баспасөз беттерінде де жиі жарияланып жүр.

– Еңбек адамды өсіреді. Еңбек еткен адамның жаман болғанын көрген емеспін. Таза еңбектің наны тәтті. Сондықтан ұл-қыздарыма, немерелеріме әрдайым білім алып, адал еңбек етуге кеңес беремін, – дейді еңбек адамы.

Бүгінде Смайловтар отбасы – төрт ұлдың ата-анасы, алты немеренің аяулы ата-әжесі. Екі ұлын ұяға қондырып, қалған екеуі студент атанған. Үлкен ұлы Жасұлан Зұлпайдар Жезқазған қаласындағы «Samsung» клиникасында кардиохирург-дәрігер болып еңбек етеді. Екінші ұлы Бексұлтан Зұлпайдар трансформатор зауытында трансформатор құрастырушы маман. Бекзат пен Данияр студент.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *