Төлеби ауданы: тұрақты өсім мен стратегиялық дамудың үлгісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің  Қазақстан халқына Жолдауында: «Экономикалық өсім халықтың әл-ауқатын арттыруға нақты әсер етуі тиіс. Бұл ретте, әрбір аймақ өзінің мүмкіндігін толық пайдалануы қажет», – деп атап өткен болатын. Осы бағытта Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында жүйелі жұмыс жүргізіліп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қарқынды өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың алғашқы бес айында ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 53,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалды (2024 ж. – 40,2 млрд тг). Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 182 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде (2023 ж. нақты – 145 млрд тг, 2024 ж. нақты – 158 млрд тг). Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының жүйелі дамып келе жатқанын және ресурстық әлеуетінің тиімді игеріліп жатқанын дәлелдейді. Аудан экономикасының құрылымына келсек, жалпы өңірлік өнімнің 57,2 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл көрсеткіш индустриалдық-инновациялық дамудың нақты жемісі екендігін білдіреді. Ауыл шаруашылығы – 21,9%, сауда – 18,7%, ал құрылыс саласы – 2,2% үлеске ие. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Экономикада әртараптандыру – ұзақ мерзімді тұрақты өсімнің негізі», – деп атап өткендей, Төлеби ауданында да барлық салалар тең дамуға бет алған.Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі де өсіп келеді: 2024 жылдың бес айында бұл көрсеткіш 333 мың теңгені құраса, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 435 мың теңгеге жетіп, 30,6 пайыз өсімді көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш халықтың табысы мен экономикалық белсенділіктің артқанын аңғартады. Халық саны 122 610 адамды құрайтын аудан үшін мұндай өсім – аймақтың тиімді басқарылуы мен әлеуетінің дәлелі. Құрылыс саласы да даму үстінде. 2025 жылдың 5 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 1,1 млрд теңгені құрады (2024 ж. – 747 млн тг). Бұл салада 2025 жыл соңына дейін 12,4 млрд теңге көлемінде жұмыс орындалады деп жоспарлануда (2023 ж. – 7,7 млрд тг, 2024 ж. – 11,2 млрд тг). Бұл – мемлекеттік қолдау, жекеменшік инвестициялар және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесі. Мемлекет басшысы: «Аймақтардың экономикалық дербестігін нығайтып, олардың табысты дамуына жағдай жасау қажет. Жергілікті жерлерде нақты өндіріс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту – негізгі міндет», – деген болатын. Осы мақсатта Үкімет, Парламент және жергілікті атқарушы органдар үйлесімді жұмыс атқаруда. Төлеби ауданында өндіріс көлемі ұлғайып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қайта өңделуі артып келеді. Бұл – еңбек өнімділігін көтеріп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтудың бір жолы.Жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының рөлі де артып келеді. Аудандық бюджет түсімдерінің ұлғаюы, құрылыс және әлеуметтік жобалардың кеңеюі – халық пен билік арасындағы өзара сенім мен нәтижелі әріптестіктің көрсеткіші. Ашықтық, есептілік және цифрландыру қағидаттары Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.

Парламент пен Үкімет қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар – «Ауыл – Ел бесігі», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының негізі» – Төлеби ауданы үшін нақты құралға айналды. Аталған бағдарламалар шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, білім және денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту сияқты кешенді шаралар атқарылуда. Қорытындылай келе, Төлеби ауданындағы экономикалық өсім – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағыттары мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалардың нақты іске асқан көрінісі. Аймақтың дамуы елдің жалпы өркендеу жолымен тікелей байланысты. Экономиканың тұрақты өсуі, халықтың өмір сапасының артуы және әлеуметтік әділеттіліктің қамтамасыз етілуі – әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды жетістіктердің бірі. Төлеби ауданы алдағы уақытта да бұл бағыттан таймай, табысты даму жолын жалғастыра беретіні сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *