Әлия балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналасты
Бәйдібек ауданы Қазата ауылының тұрғыны Нақыпбек Әлия Мейрамбекқызы “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасымен Бәйдібек аудандық Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, Қазата ауылында орналасқан “Жансая “ бала-бақшасына тәрбиеші ретінде жолданған болатын. Қазіргі таңда тиісті жұмыстарын абыроймен атқаруда.
Ауданда ағымдағы жылы 70 адам жұмысқа жолдама беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 21 адам өз жұмыс орнын тапты.
“Алғашқы жұмыс орнына“ — еңбек өтілі болмаған, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген жастар қатыса алады.
Жұмыссыздық мәселесі елімізде әлі де күрделі. Қаладан, аудан орталығынан шалғай орналасқан кейбір ауылдарда мектеп пен емханадан басқа жұмыс істеп тұрған мемлекеттік мекеме жоқ. Тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған бизнес нысандары да некен-саяқ. Осы тығырықтан шығу үшін мемлекет әлеуметтік жұмыс орындарын, ақылы негіздегі қоғамдық жұмыс орындарын ашып отыр. Айталық, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» секілді жобалар арқылы субсидияланатын жұмыс орындары болып табылады. Мұның жергілікті тұрғындарға аз да болса қолдау, көмек болатыны сөзсіз.
Елімізде жастарға қарағанда егде жастағы адамдардың жұмыс табуы қиын екені жасырын емес. Ал, зейнеталды жастағы адамдар жұмыс істеп, жинақтаушы зейнетақы қорына жарнасын аударып отырмаса, күні ертең оның зейнетақысы аз болып қалады. Міне, сондықтан мемлекет «Күміс жас» жобасын қабылдап отыр. Жобаға қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Айталық, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Жобаға қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Бұл мерзім аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Былтыр аталмыш жоба аясында Түркістан облысында 2 103 адам жұмысқа орналасты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың демографиялық өсімін ескере отырып, соған лайықты тұрақты жұмыс орындарын ашу керектігін айтқан болатын. Президент өңірдегі әр 10 мың тұрғынға шаққанда 100 тұрақты жұмыс орнын ашуды міндеттеді. Осы тапсырманың аясында өткен жылы облыста 32 913 жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар, мемлекет азаматтардың өз кәсібін ашуына да қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, өткен жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жаңа бизнес-идеясын дамыту үшін 1 687 адамға грант берілді. Оған қоса 633 жас азаматқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 5 миллион теңгеге дейінгі несиелер берілді. Мұндай қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатын болады.