Феруза «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасымен наубайханаға жұмысқа орналасты
«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасымен жұмыссыз тіркеліп тұрған Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Анарова Феруза Насриддинқызы «Тойчибаева К.И.» ЖК-не наубайхана мастері болып жұмысқа жолданған болатын. Қазіргі таңда Феруза өз жұмысын абыроймен атқаруда.
Айта кетейік, ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен болатын. Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға септігін тигізеді.
Тұжырымдама ұлттық басымдықтар мен мақсаттарды, сондай-ақ еңбек және жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды ескере отырып әзірленген. Бұл 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат.
2000 жылдардағы демографиялық өсімнің арқасында Қазақстанда
2029 жылға қарай еңбек нарығына қосылатын жастар саны жыл сайын 300 мыңнан астам адамды құрайды. Еңбек нарығын толықтыратын азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жаңа сапалы жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді. Тұжырымдамаға сәйкес сапалы жұмыс орнының негізгі сипаттамалары: тұрақты жұмыспен қамту (жылына кемінде 6 ай), еңбекақының лайықты деңгейі (өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес), қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу үшін мүмкіндіктер, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Тұжырымдамада платформалық қызметкерлерді ресімдеудің жаңа тәсілдеріне көп көңіл бөлінді, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 1 млн адам платформалық жұмыспен айналысады. Платформалық жұмыспен қамтудың басты артықшылықтары: жұмыс уақытының икемділігі, негізгі қызметпен ұштастыру мүмкіндігі, мансап пен жеке өмірдің тепе-теңдігі. Сондықтан платформалық жұмыспен қамту спектрі жыл сайын ауқымын кеңейтіп, қызмет көрсету, туризм, IT, сауда, құрылыс, жылжымайтын мүлік және т.б. салаларға енетін болады.
Тұжырымдамада ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға әкеледі. Ел экономикасында 2029 жылға қарай 3,6 млн сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында 45%-ды құрайды. Жыл сайын табысы медианалық табыстан асатын адамдардың саны орта есеппен 250 мыңға артады.